Cөйлейтін қаламсабы бар интерактивті абайтану құралы жарыққа шықты

Бұл жобаны белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен «Interactive Kazakhstan» компаниясы қолданысқа енгізді.

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұлы ойшылдың «толық адам» тұжырымдамасына сәйкес «баланың жақсы болмағы - жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан, жақсы құрбыдан» деген қағидасына негізделіп жасалған «Жақсы бала», «Жақсы ұстаз», «Жақсы ата-ана», «Жақсы құрбы-құрдас» атты жинақтардың «cөйлейтін» қаламсабы бар интерактивті нұсқасының және «Абайтану әліппесі» интеллектуалды оқу-әдістемелік кешенінің электронды нұсқасының тұсаукесері болды. Аталмыш оқу құралдары 5-9 сынып оқушыларына арналған.

«Баламасы жоқ жаңа абайтану құралы жапондықтармен бірлесе отырып жасап шығарылды. Оқу-әдістемелік жинақтардың толық кешенінің бағасы шамамен 50 000 теңге көлемінде болады», - деп мәлімдеді «Interactive Kazakhstan» компаниясының жоба менеджері Бижан Игенбаева.