Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BAQ.KZ -ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жаһан жұртын тығырыққа тіреген COVID-19 пандемиясы салдарынан әлем бойынша 356 мыңнан астам адам көз жұмған. Ал, Қазақстанда бұл вирус 37 адамның өмірін қиды. Ресми деректерге қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 6 адам қаза тапқан. Коронавирустан қайтыс болған елордалық тұрғындар қайда, қалай жерленеді және қауіпсіздік шаралары қаншалықты сақталады деген сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирус инфекциясы салдарынан қайтыс болған азаматтар Көкшетау тасжолы бойында орналасқан жаңа зиратқа жерленеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Исаковтың айтуынша, бұл зиратта барлығы 9 мәйіт жерленген.
Коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар Көкшетау тасжолында орналасқан жаңа зиратта жатыр. Мұнда барлығы 9 мәйіт жерленген, оның 6-уы мұсылмандық ғұрыппен, 2-еуі христиандық, 1-еуі буддистік дәстүр бойынша жерленген. 9 мәйіттің 5-іне коронавирусты инфекция диагнозы қойылды, қалғандарына басқа негізгі диагноз қойылған. Алайда алгоритм бойынша қайтыс болғаннан кейінгі міндетті зертханалық тексеру кезінде COVID-19 инфекциясы анықталды. Барлығы коронавирусты инфекциядан қайтыс болғандарды жерлеу алгоритміне сай жерленді, - дейді ол.
Департамент берген мәлімет бойынша, қаза болғандарды жерлеудің арнайы талаптары бар. Негізгі талап - жерлеуге қатысушылар жеке қорғаныш құралдарын пайдалануы қажет. Сонымен:
- жерлеу кезінде ақыретті ашуға және қайтыс болған адамның бетін ашуға тыйым салынады;
- туыстарымен қоштасу жерлеу іс-шарасын (жаназа, "жоқтау" және т.б.) жүргізу үшін мәйітті кемінде 3 метр қашықтықта беруге рұқсат етіледі, қайтыс болған адаммен қатынас уақыты 1 сағаттан артық болмауы тиіс;
- жерлеу рәсіміне бір ғана дін қызметкерінің қатысуына жол беріледі, алайда, қайтыс болған адамның денесімен жанасуға тыйым салынады;
- қайтыс болған адамның денесі алдымен дезинфекциялау ерітіндісі сіңдірілген матаға, полиэтилен пленкаға оралады;
- жерлеу рәсімі кезінде мәйіт жабық болуы керек, яғни, табыт та қақпағымен жабылуы керек;
- жерлеу рәсіміне қатысуға тек жақын туыстары ғана жіберіледі;
- жерлеу тобындағы адамдар саны 5-7-ден аспауы қажет;
- мәйітті тасымалдауға және жерлеуге санитариялық-эпидемиологиялық қызмет немесе обаға қарсы күрес мекемелерінің мамандары ілесіп жүреді;
- мәйітті зиратқа тасымалдау денсаулық сақтау ұйымдарының, жергілікті атқарушы органның арнайы көлігімен жүзеге асырылады.
Зекен Исаков жерлеу рәсімі кезінде қауіпсіздік шаралары мұқият сақталатын айтады.
Жерлеуге қатысатын барлық адамдардың қорғаныш киімде болуын қадағалаймыз. Қолғаптар, бетті қорғауға арналған экрандар, сондай-ақ, қорғаныштығы жоғары медициналық маскалар немесе респираторлар (кемінде 2-ші қорғаныш сыныбы немесе FPP2), таза, стерильді емес, ұзын жеңді суға төзімді халаттар (суға төзімді бір рет қолданылатын костюм немесе суға төзімді комбинезон), резеңке етік немесе қонышы ұзын резеңке бахила қолданылуы керек, - дейді ол.
Соңғы деректер бойынша, Қазақстанда COVID-19 індетін жұқтырғандардың жалпы саны – 9576, оның 4768-і жазылып шыққан. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингі барысында 4653 науқас тиісті ем-дом шараларын қабылдап жатқанын айтқан, оның 355-і бала. Министр науқастардың 85 пайызының жағдайы жеңіл, 13% немесе 543 науқастың жағдайы орташа, ал, 1,5% немесе 58 науқастың жағдайы ауыр екенін мәлімдеді. 19 науқас жасанды вентиляцияға қосылған.
Айта кетейік, әлем бойынша 5,69 миллионнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, оның 2,35 миллионы жазылып шықты.