Тыйым салынған дәрі-дәрмек пайдаланғандар тізімінде Астанада өткен Азия чемпионатының жеңімпазы Александра Аборнева және Қазанда өткен Универсияданың жүлдегері Александр Зайчиков те бар. Енді бұл зілтеміршілер сол жетістіктерімен қош айтысады. Сондай-ақ Азия чемпионатының қола жүлдегері Евгений Евстафьев, Майра Файзуллаева, Әсем Сарсекенова, Айдар Казов, Максим Лактионов, Ғалымбек Жұбатқанов және Ерболат Жоламанов сынды ауыр атлеттер екі жылға үлкен спорттан аластатылды.
Грек-рим күресінен жастар арасындағы Азия және Әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев Германияның Кельн қаласына жол тартты. 55 келіде белдесіп жүрген қазақ балуаны Германияның клубаралық чемпионатында бақ сынайтын болады.
Артур Кельн шаһарының «KSV Kollerbach» клубы сапында өнер көрсетеді. Бұл күндері бел ортасынан ауған Бундес Лигадағы клубтардың жалпы саны он жеті. Еншісіне 15 ұпай жазған «KSV Kollerbach» әзірге өз конференциясында 2-орында тұр. Германияның клубаралық чемпионатындағы кездесулер тек сенбі күндері өткізіледі. Артур Үмбетқалиевтің командасы алдағы сенбі күні Дуисбург қаласының балуандарымен күш сынасады. Дәл осы күні жерлесіміз өзінің Бундес лигадағы алғашқы бәсекесін өткізеді.
Бүгін түнде футбол сүйер қауым біздің арнадан чемпиондар лигасының топтық раунд кездесулерін тамашалай алады. D-тобында Мәскеудің “ЦСКА”-сы “Манчестер Ситиге” қонаққа барады.
Бұл матч Леонид Слуцкий шәкірттері үшін шешуші болмақ. Өйткені манчестерліктер жеңіске жетсе, армияшылардан алты ұпайға озып, ресейліктерге жеткізбей кетеді. Ал осы топтағы айқын фаворит “Бавария” “Викториядан” басым түссе, плей-оффқа жолдама алған тұңғыш команда болмақ. Сондықтан қос команда ойыншылары да маңызды матч алдында аянып қалмасы анық. “Манчестер Сити” мен “ЦСКА” арасындағы матчты сіздер біздің арнадан түнгі сағат 1:45 те тікелей эфирде көре аласыздар.