CПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Бірінші таймда есеп ашпаған командалар үзілістен кейін ширақ ойын көрсеткен. Алаң иелері айтарлықтай басым болып, өткір шабуылдар ұйымдастырғанымен нәтиже шықпады. Есесіне 63-ші минутта “Арсенал” есепте алға шықты. Месут Өзіл оң қапталдан қақпаға қарай пас асырған. Қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланған Аарон Рэмси Роман Вайденфеллерден айласын асырды. “Боруссия” қалған уақытта үлкен күшпен шабуылдағанына қарамасытан таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Ал бүгін Еуропа лигасы аясында қарағандылық “Шахтер” сырт алаңда голландияның “АЗ” командасымен шеберлік байқаспақ. Бұл матчты сіздер біздің арнадан түнгі сағат 2 де тікелей эфирде көре аласыздар. 

 

 

Дүниежүзілік бокс сериясының былтырғы жеңімпазы «Астана арландары», жаңа маусымға іріктелген команда құрамын жария етті. Отандық клуб сапында өнер көрсететін боксшылардың  жалпы саны 35.

Дүниежүзілік бокс сериясының форматы да  өзгерген. Бұған дейін  матчтық кездесулер  бес салмақ  аясында өткізіліп келсе, енді олардың саны 10 жекпе-жекті құрап отыр. «Астана арландары» қосында да өзгерістер аз емес. Ең бастысы  бары-жоғы бес легионермен шектелген отандық клуб  биыл өзіміздің шеберлерге иек артқан сыңайлы. Ал жаттықтырушылар қатары  атақты боксшымыз Болат Жұмаділов пен әйгілі бапкер Нұрлан Ақүрпековпен толығыпты. Чемпиондық атағын қорғауға дайындалып жатқан арландар маусымның беташар матчын 15-ші қараша күні «Баку оттары» командасымен өткізеді.

 


 

Белгілі бір спорт түрін жоғары деңгейге көтеру үшін алдымен мол қаражат қажет. Сол қаражаттың жұмсаудың да түрлі жолдары бар. Егер үлкен нәтижеге тезірек қол жеткіңіз келсе, онда шетелдің  спортшыларына жүгінуге тура келеді. Мысалы қазақ теннисінің бүгінгі майталмандарының көпшілігі экс-ресейліктер. 

Енді олардың қатары украйналық теннисші Александр Недовесовпен толықпақ. Ол жаңа маусымнан бастап Қазақстан намысын қорғайтын болады. Бұл ақпаратты  украйнаның БАҚ өкілдері жарыса жазуда. Украина теннис федерациясының жаңадан сайланған президенті Сергей Лагурдың өзі, тың жаңалықты Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараевтан естігенін алға тартқан.  26 жастағы Александр Недовесов, осы күнге дейін украинаның екінші ракеткасы болып келген. Ал, әлемдік рейтингте Александр әзірге 95-ші орында.