CПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Қарымта матчты ширақ бастаған қонақтар, бірінші үзіліске дейін «Горняктің» қақпасына үш шайба тоғытып үлгерді. Кездесу тағдырын алғашқы кезеңде шешіп алған «Арыстан» одан әрі асыққан жоқ. Ойын соңына дейін бір-біріне қос шайбадан соққан екі команда арасындағы қарымта матч  2:5 есебімен аяқталды. Буллитке ұласқан алғашқы ойында «Алматыдан»  ұтылған Павлодардың «Ертісі», келесі күні  қарымта қайтарды. Есеп 3:1.

 

Сочи Олимпиадасына дайындалып жатқан қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева Алматыда жасөспірімдерге шеберлік сабағын өткізді. 2010-шы жылғы Ванкуверде өткен ақ Олимпиаданың күміс жүлдегері спорттағы дарынды балалармен тәжірибе бөлісті.

Алғашында жас спортшылардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берген биатлоншы олармен естелік суретке түсіп, тілдесті. Елімізде кенже қалып қойған қысқы спорт түрлері қазір даму үстінде. Маңызды бәсеке алдында қазақстандық спортшы Сочиге жоғары дайындықпен барып, ел үмітін ақтауға тырысатынын жеткізді. Ал Олимпиададан кейін танымал спортшымыздың жоспарында бір жылдан соң спортпен қош айтысу ойында бар екен. Жас спортшылардың сұрағына жауап бергеннен кейін, ол биатлоншылар қалай жаттығу керектігін көрсетті.