Айтулы дода алдында баспасөз маслихатын ұйымдастырған “Қайрат” басшылығы Президенттік кәсіби спорт клубымен келісім шартқа отырды. Енді байрақты бәсекенің шығынын дәл осы кәсіби клуб көтермек. Қос қазақстандық командаға Боснияның “Танго” және беларустың “Витэн” клубтары қарсы тұрмақ. 21-ші қарашада басталатын УЕФА кубогының алғашқы матчында “Тұлпар” “Тангомен”, ал “Қайрат” “Витэнмен” шеберлік байқасады.
Рикардо Камара, “Қайрат” футзал клубының бас бапкері:
- Біздің командада әр адам өзіне жүктелген міндетті біледі. Ал біздің топта бастысы беларустарға қарсы алғашқы бәсекеде жеңіске жету. Футболшылар қазір толық құраммен ойынға араласуға дайын.
Әлемнің үздік спортшылары төртжылдықтың басты додасы қысқы олимпиадалық ойындарға қызу әзірленуде. Әзірге Сочи олимпиадасының он жолдамасын иемденген биатлоншыларымыз Әлем кубогының бірінші кезеңіне дайындалуда.
Еліміздің ұлттық құрамасы соңғы жиынды Аустрияның Рамзау елдімекеніндегі биатлон базасында өткізді. Рамзаудағы оқу-жаттығу жиынына беткеұстар шеберлеріміз түгел тартылыпты. Ұзын-саны он кезеңнен тұратын әлем кубогы жолындағы үлкен дода 24-ші қараша күні жалауын көтереді. Швецияның Эстерсундінде басталатын алғашқы кезеңнің шымылдығын аралас эстафета ашып береді. Жеті медальдар топтамасы сарапқа салынатын кубок жолындағы кезең 1–ші желтоқсанға дейін жалғасады. Дегенмен биатлоншылар үшін биылғы маусымның басты додасы Сочи олимпиадасы екені даусыз.
Fight Nights (Файт найт) тұжырымы бойынша Еуразия чемпионы дағыстандық Али Багаутинов, UFC аясында өткен шоу турнирде Тим Эллиотты ұтты.
Бірінші бесминутты белсенді өткізген 27 жасар Али Багаутинов, қарсыласын екі-үш рет есінен тандыра жаздады. Алайда Алидің соққыларына төтеп берген Тим Эллиот, екінші кезеңде бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Соның бірінде қылқындыру әдісіне түсіп қалған дағыстандық жігіт америкалық сарбаздың құрсауынан әрең құтылды. Айналып келгенде үш раунд жалғасқан бәсекені түйіндеген әділ-қазылар, бұл жекпе-жекте жеңіске Али Багаутинов лайық екенін анықтады.