CПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Бұған дейін екі кездесуде жеңіске жеткен “Қайрат” пен “Тұлпар” финалға берілер жалғыз жолдаманы сарапқа салған.  Матч барысында қарсыластарынан айтарлықтай басым болған алматылық команда 7:1 есебімен жеңіске жетті. Элиталық раундтта қарсылас шыдатпаған “Қайрат” енді испандық “Барселона”, мәскеулік “Динамо” және әзербайжандық “Араз” командасымен УЕФА кубогының финалында доп тебеді.

 

“Астана” командасының экипажы әйгілі автомарафон “Дакар Раллиіне” қатыспақ. Президенттік кәсіби спорт клубының мүшесі биыл да алдына жоғары мақсат қойып отыр.

Алматыда баспасөз маслихатын ұйымдастырған команда мүшелері дайындық барысын жеткізді. Қазақстан намысын алдағы раллиде төрт бірдей экипаж қорғамақ. Олардың үшеуі жол талғамайтын көлік болса, Артур Ардавичус бастаған жүк көлігі де басты бәйгеге әзір. Аргентина, Боливия және Чили жерін басып өтетін әйгілі дакар былтырғыдан өзгеше болмақ. Мәселен жарыстың кей кезеңдері қос мемлекетте қатар өтеді. Бұл мото шабандоздармен, көліктердің қақтығысы болмас үшін қарастырылыпты. Әйгілі дакар 5-ші қаңтарда аргентинаның Росарио қаласында басталады.      

 

Астананың «Барысы» өз жанкүйерлері алдында Мәскеудің Орталық армияшылар спорт клубына есе жіберді. Есеп 2:5.

Кездесудің 6- минутында  жақын жерден қақпаны дәл көздеген Алексей Морозов қонақтарды алға шығарды. Көп кешікпей тағы бір комбинацияны нәтижелі соққымен түйіндеген мәскеулік хоккейшілер таблодағы есепті еселей түсті. Салы суға кеткен айдын иелері өздерінің алғашқы голын тек екінші кезеңнің соңында соға алды. Бірақ қарап қалмаған мәскеуліктер  шешуші кезеңнің басында «Барысты» тағы да қапы қалдырды. Жерлестеріміз Брэндон Боченскидің көмегімен есепті қайта қысқартқан, алайда қатарынан қос шайба соққан ЦСКА Астанадан үш ұпай олжалап кетті.


 

Алты салмақ категориясы бойынша әлемнің экс-чемпионы Мэнни Пакьяо, Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының Ұлтаралық чемпиондық атағын жеңіп алды. Қытайдың Макаосында өткен бокс кешінде филиппиндік шебер америкалық Брэндон Риостан мерейін асырды.

Он екі раундқа жалғасқан бәсеке Мэнни Пакьяоның айқын жеңісімен аяқталды. Екі көзі қанталап, қабағы жарылған 27 жастағы Брэндон Риос соңғы раундтарда  соққы беруден қалды. Осымен 62 кездесу өткізген Пакьяо, есебіндегі жеңістер санын 55 ке жеткізді. Оның ішінде  38 жекпе-жекті нокатупен ұтқан. Осы кеш біздің Біржан Жақыповтың бітіспес қарсыласы болып келген қытайлық Цзоу Шимин мексикалық Хуан Тосканодан басым түсті.