CПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Осы тур алдында нижнитагильдік «Спутниктен» ұтылған «Сарыарқа», бүгінгі ойында жеңіс үшін аянып қалған жоқ.  Ә дегеннен ширақ  қимылдаған алаң  иелері  қонақтарды үнемі ығыстырумен болды. Бірақ алғашқы үзіліске дейін Қорғаннан келген  команданың   қорғаныс шебі  сыр бермеді. Екінші кезеңде «Зауральенің» қақпашысы Руслан Ризаевпен  бетпе-бет шыққан Дмитрий Самарин  «Сарыарқаны» алға шығарды. Шешуші кезеңде  жергілікті хоккейшілердің таблодағы есепті ұлғайтатын  тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ  шабуылдың соңында кеткен арқалықтар, матч аяқталуға үш минуттай қалғанда гол жіберіп алды. Дегенмен  овертаймда  мергендікпен көзге түскен   Кирилл Лебедев өз командасына жеңіс әкелген голдың авторы атанды.   Ертең «Сарыарқа» өз алаңында Түменнің «Рубинін» қабылдайды.  

 

Спорт жанкүйерлерін  жерлесіміз  Денис Теннің  Сочи олимпиадасы алдындағы аяқ алысы қуантады. Алдымен  Италиядағы турнирде топ жарған  Денистің жеңісті жолы Аустрияда жалғасын тапты.

Грац қаласында өткен дәстүрлі жарыста алматылық шебермен үзеңгі қағыса жарысқан қарсылас көрінбеді.  Қысқа және еркін бағдарламада да Денистің мерейі үстем шықты.  Еркін бағдарлама бойынша сынға түскен ерлер бәсекесінде  20 жастағы Денис Тен 173,9 балл жинады. Екінші орын алған аустриялық Виктор Пфейфер,  біздің Дениске 30 балл ұтылды. Халықаралық жарыстың қола жүлдесін даниялық Юстус Стрид иеленді.  

 


Әлемнің үздік тенисшілері Новак Джокович пен Рафаэль Надаль жасыл алаңда өзара кім мықтыны анықтады. Оңтүстік Америкадағы турне барысында аргентиналық танымал клуб “Бока Хуниорстың” стадионына барған қос шебер пенальти тебуден жарысты.

Жергілікті команданың жейдесін киген тенисшілер “Бока Хуниорстың” үшінші қақпашысы Себастьян Дан Джелоға 11 метрлік пенальти тепті. Бұл сында испандық тенисші мергендігімен көзге түсіп 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бір қызығы Надальдың ағасы Мигель Анхель Надаль “Барселона” сапында өнер көрсеткен. Ал Рафаэльдің өзі бос уақытында аймақтық лигада “Интер Манакор” командасында доп тебеді.