"Дәл бүгін бағым мен бабым қатар шабады деп ойладым": Әсел Қанай финалдан кейінгі өкініші туралы айтты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

61 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған отандасымыз финалда қытайлық Ли Гунмен кездесіп, 2:8 есебімен жеңілді.

Спортшы финалдық кездесуден кейін берген сұхбатында көзіне жас алып, өкінішін жеткізді.

«Өкінішке қарай, тағы да күміс. Осы Азия ойындарына дейінгі жолымыз өте қиын болды. Дәл осы қытайлық және жапондық қыздарға арнайы дайындалдық. Төрешілердің шешімімен кейбір сәттерде келіспеймін. Қарсыласым жеңіске жетті. Бірақ ішімде өкініш өте көп. Өйткені осы Азия ойындарына өте ұзақ дайындалдық. Дәл бүгін бағым мен бабым қатар шабады деп ойладым. «Әттеген-ай» дегеннен басқа айтар сөзім жоқ», – деді ол.

Спорт журналисі Аслан Қаженов Әсел Қанайдың финалдан кейін көзіне жас алған сәтіне қатысты пікір білдіріп, спортшының ел намысы үшін барын салғанын атап өтті. Ол Әселге лайықты құрмет көрсетілуі керек екенін айтты.

«Қай легионер күміс алғанына өкініп, осылай жылап еді?! Олар жүлдеге ілікпесе де қыңқ етпейді. Тек қазақ елінде туған, жаны қазақ деп тулап тұратын, жүрегі қазақ деп соғатын спортшыларда ғана болатын эмоция. Өйткені намыстан іші өртеніп барады.

Әсел бұған дейін талай байрақты бәсекеде топ жарды. Әлі талай биікті бағындырады. Сондықтан «мойыма» дейміз және сәттілік тілейміз! Түркістан облысы чемпионға лайықты құрмет көрсетіп, сыйақы және басқа да марапаттарын ұйымдастырады деп сенеміз!» – деп жазды ол.

Айта кетейік, Әсел Қанай бұған дейінгі Азия ойындарында финалға дейін жете алмаған еді.

Әсел Қанайдың күмісі – Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарындағы күміс медаль санатындағы алғашқы жүлдесі. Бұған дейін ұлттық құрама қоржынында төрт алтын және үш қола медаль болған.

Осылайша, бұл – Қазақстан құрамасының биылғы Азия ойындарында каратэден жеңіп алған үшінші медалі. Бұған дейін Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева алтын жүлдеге ие болған еді.