Ақтөбе қаласындағы ең жас, ең үздік бес оқушыны Маңғыстауда өтетін жарысқа ата-аналары алып бара жатқан кезде сұмдық жол апаты орын алып, барлығы тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Байқұс балалар-ай, теңбіл допты, жеңісті армандап бара жатып не болғанын да түсінбей қалған шығар. Олар небәрі 12-13 жаста еді.
Ақтөбе қаласындағы ең жас, ең үздік 5 оқушыны Маңғыстауда өтетін жарысқа ата-аналары алып бара жатқан. Екі ересек адам мен жүргізуші де қайтыс болды. Барлығы 8 адам мінген минивен алып жүк көлігінің астында қалды. Жарыс жайлы білім бөлімі білмейді, жол полициясының көмегіне жүгінбеген деседі.
Оқиға Хромтаудан Батысқа 40 шақырым ұзаған тұста болды.
"Дәл осы республикалық маңызы бар тас жолда жыл сайын балалар өлімі болады. Әркез жарысқа (олимпиада, ҰБТ, конкурсқа ) кетіп бара жатқан ең үздік оқушылар мерт болуда.
Осы көктемде су тасқынына көмекке Алматыдан Атырауға жол тартқан біздің фура да әрең жеткен. Рульде екі жүргізуші кезектесіп отырғанымен Ақтөбе обл. Хромтаудан ары 400 шақырым жол жол емес ажал алаңы деп айтқаны есімде...
Аты мен бюджеті дардай ҚазАвтожол және Ақтөбе облысы әкімдігі тиісті мамандар 8 адамның өліміне жауап берсін.
Ай сайын тар жолға таласқан адам өлімі болмас үшін құзырлы мамандар бас қатырсын: жолды кеңейту, жылдамдықты шектеу, ойық-шұңқырды тегістеу, т.б...", - деп жазды журналист Гүлмира Абықай.