Бұл туралы осы жобаның продюсері Айнұр Абайқызы мәлім етті.
Радиофестивальға алғашқы жылы қатысқан 130 орындаушыға радиотыңдаушылардың интернет арқылы берген дауыстары және кәсіби музыка мамандарының пікірлері негіз болып, үздік деп табылған 25 өнер саңлағына үш аталым бойынша «Дала дауысы» деп көркем безендірілген арнайы кәдесыйлар мен дипломдар тапсырылды. Атап айтсақ, «Эстрада» аталымы бойынша: Жұбаныш Жексенұлы, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина, Досымжан Таңатаров, Ерболат Құдайбергенов, Таңат Мамырхан, Аллаберген Жақсыбаев, Гүлнұр Оразымбетова, Баян Нұрмышева, «Премиум» квартеті, «Тараз» триосы мен «Бәйтерек» тобы марапатталса, «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша: Елмұра Жаңабергенова, Сержан Мұсайын, Клара Төленбаева, Өмірқұл Айниязов, Құралай Шаяхметва, Сая Есенкелдиева, Айгүл Елшібаева тәрізді күміс көмей, майталман әншілер анықталды. Ал фестивальдің жаңалығы ретінде анықталған Гауһар Мырзахметова, Нұрболат Арзамас, Халық Ризабек, Бейсен Әуелхан, Айнұр Қажымолла, Серкан мен Зейнап Өзден, Манас Биатандар «Жаңа есім» аталымы бойынша марапатталды. Қорытынды гала-концертте марапатталған барлық әншілер жоғарғы деңгейде өнер көрсетті. Қытайдан келген бауырларымыз ежелгі қазақи әндерді тамылжыта орындаумен ерекшеленсе, Түркиялық Зейнап пен Серканның дуэті қазақ көрерменін «Балапан қаз» әнімен баурап алды. Ал кәріс жігіттерінен құралған «Премиум» квартеті халық әні «Назқоңырды» өте жоғары деңгейде нақышына келтіре орындап, дүйім жұртты риза етті. Бұл байқау, түптеп келгенде, бұқаралық ақпарат құралдары ішіндегі жедел де қолжетімді түрі саналатын радионың басты қаруы тек өткір сөз бен ұшқыр ой ғана емес, сонымен қатар, қазақтың ән мәдениетіндегі барлық салаларды қамти отырып, халықтың мәдени, рухани сүранысын да қанағаттандыра алатын ақпарат көзі екендігін көрсетіп берді.
Айнұр Абайқызының айтуынша, бастамасы осылай басталған «Дала дауысы» радиофестивалі биылғы жылы да өз жалғасын тауып, дүниежүзі елдері арасында өткізіледі деп жарияланып, қазіргі таңда алғашқы айналымы Қазақ радиосының эфирінде жүріп жатыр. Фестивальда әнді жазушы тұлғалар (композитор, ақын, аранжировкашы) емес, тек орындаушылар ғана марапатталмақ. Қатысушыларға қазақтың халық және халық композиторларының әндерін (дәстүрлі әндер, академиялық бағыттағы қазақ композиторларының әндерін (қазақ операларынан ариялар, жекелеген әндер), заманауи әндерді (эстрадалық) түрлі орындаушылық мәнерде (дәстүрлі, еуропалық академиялық, эстрадалық), түрлі стильде (классикалық, эстрадалық, поп, рок, реп, хип-хоп т.б.) орындауға еркіндік берілген. Фестиваль дәстүр бойынша желтоқсан айында қорытындыланады деп жоспарлануда. Фестивальдің өту жоспары төмендегідей:
Тапсырыс берген әншілер дәстүр, эстрада, академиялық ән номинациялары бойынша 20 шығармадан топтастырылып, әр номинациядағы әрбір орындаушы туралы қысқаша мәлімет пен әнші ұсынған бір ән берілген арнайы роликтер жасалады. Ол роликтер Қазақ радиосы мен «Шалқар» арнасының эфирлерінен 3-4 апта бойы үздіксіз насихатталып, тыңдарман дауысын жинау үшін Қазақ радиосының www.kazradio.kz сайтындағы «Дала дауысы» бөліміне қойылады. Сайттағы дауыстар қорытындысы әр аптаның жұмасы күні сағат 19.00 - 20.00 аралығында Қазақ радиосының эфирінде жүретін «Дала дауысы - 2013 күнделігінде» жарияланып, жоба продюсері мен музыкалық жүргізуші Мұхамедияр Рашай тарапынан арнайы сарапталады. Фестивальдің негізі шарттарының бірі - орындалатын әннің тілі қазақша болуы. Егер, қатысушы үміткерлер шет елдік әнші болса, аталған үш номинацияға қатысты өз халқының әнін орындауға болады, тек ән мәтінін қазақ тіліне аударып орындауы міндеттелген. Ал қазақ әнін орындаса нұр үстіне нұр болмақ. Сондай-ақ, ұсынылатын әнге орындаушылық, жанрлық, стильдік формат жағынан шектеу койылмағанымен, шығарма орындаушылық, аранжировкалық, дыбыстық тұрғыдан жаңа ізденіске толы болу керек. Ондағы мақсат - қалың тыңдарман таңдауы мен талғамы жоғары мамандар талабына салу арқылы Отандық әншілердің шығармашылық өсуіне ықпал етіп, қазақ әнінің шет елдерде орындалуына талпыныс жасау. Сонымен қатар, фестивалдің аймақтық ауқымын арттырып, шығармашылық ізденісін күшейту, яғни аспаптық өнер түрлерін де қосу істері жоспарлануда.