«Даму» қорының өңірлік желісі базасында «Бәйтерек» холдингінің Кәсіпкерлерді қолдау бірыңғай фронт-офисі жұмысын бастады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бірыңғай фронт-офис «Бәйтерек» тобы ұйымдарының қолдау құралдарын «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша біріктіреді. Мұнда кәсіпкерлер кеңес алып, қолайлы қолдау құралын таңдай алады. Өтінім беріліп, қаржыландыру қарастырылуға дейін жоба сүйемелденеді.

Фронт-офистер Қазақстанның барлық өңірінде «Даму» қорының филиалдары базасында жұмыс істейді. Шалғай жатқан аудандар мен ауылдардағы кәсіпкерлер үшін мамандардың аудандарға баруына арналған мобильді кеңселер – автобустар қарастырылған. Осылайша, өз өкілдіктері жоқ кейбір даму институттарының қажетті кеңесі мен қолдауын облыс орталығына бармай-ақ алуға болады.

Фронт-офис консультанттары «Бәйтерек» тобының ұйымдарға көрсететін қолдау құралдары бойынша ақпарат береді:

«Бүгінгі таңда біздің мамандарымыз тек Қордың құралдарымен жұмыс істеп қоймай, “Бәйтерек” холдингінің басқа да ұйымдары ұсынатын шешімдерді таңдауға көмектеседі. Шын мәнінде, “Даму” қорының өңірлік желісі жеңілдікпен несиелендіру мен кепілдіктерден бастап, инвестициялық қаржыландыруға, экспортты сақтандыру мен лизингке дейінгі қаржылық және қаржылық емес құралдардың кең ауқымына қол жеткізудің бірыңғай терезесіне айналып келеді», — деді «Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.

Бірыңғай фронт-офистің техникалық іске қосылуы осы жылғы ақпанда өтті. Осы уақыт ішінде консультанттар кәсіпкерлердің 30 мыңға жуық өтінішін қабылдаған. Фронт-офис арқылы 1 250 жоба сүйемелденіп, қаржыландырылды.

Бірыңғай фронт-офис базасында Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары да пилоттық режимде жұмыс істеуде. Олардың міндеті – кәсіпкерлерге мемлекеттік органдармен, қаржы институттарымен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылды талап ететін нақты мәселелерді шешуге жәрдемдесу.

Орталық мамандары мәселені бастапқы талдаудан өткізіп, оны шешудің ықтимал жолын анықтайды. Қажет болған жағдайда жұмысқа салалық мемлекеттік органдар, қаржы институттары, әкімдіктер мен «Бәйтерек» тобының ұйымдары тартылады. Пилоттық жоба Астана, Алматы, Шымкент қалаларын, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарын қамтуда.

«Мұндай қолдаудың барлық өңірде болуы маңызды. Біз кәсіпкерлерді қолдау тәсілін неғұрлым тиімді ете отырып, “Іскер аймақ” бағдарламасын ауылдарға таратуды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте “Даму” қорының өңірлік филиалдары мен мобильді фронт-офистері үлкен рөл атқаруы тиіс. Консультанттардың міндеті – бизнестің қалыптасуы мен дамуының барлық кезеңін сүйемелдеу. Тағы бір маңызды бағыт – бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары. Кәсіпкерлер проблемалармен жиі бетпе-бет келеді. Бірақ қайда жүгінуді, қалай шешуді білмей жатады. Орталықтар осыны жолға қою үшін құрылуда. Әзірге олар еліміздің бес өңірінде пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.