"Даму" мемлекеттік бюджеттен шағын және орта бизнесті қолдау үшін бөлінетін қаражат құнын азайтуды ұсынып отыр

"Біздің ұсынысымыз шағын және орта бизнес үшін ақша құнын төмендету бойынша шаралар қолдану қажеттігіне саяды. Біз соңғы қарыз алушы үшін несиелік мөлшерлемені шектеуге көшуді ұсынамыз", - деді Г. Әмрин.

"Біз банктердің 5 пайыздық маржасы операциялық шығындарды, тәуекелді жабуға және белгілі табыс алуға жеткілікті деп санаймыз", - деп толықтырды ол.

Бұдан бұрын осы кездесу барысында "Даму" басшысы қазіргі уақытта бюджеттен бөлінген шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға арналған 48,8 млрд теңге есебінен берілетін несиенің номиналды мөлшерлемесі 18 пайыздан сәл ғана төмен екендігін хабарлаған еді. Осы көрсеткіш бойынша банктердің арасында ең төменгісі "Казкоммерцбанк" (16 пайыздан сәл ғана жоғары) болып табылады.

"Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне "Қазына" тұрақты даму қоры" АҚ баспасөз қызметінде толықтырып көрсеткендей, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған қаражат мемлекеттік бюджеттен екінші деңгейлі банктерге 11,1 - 11,35 пайыз мөлшерінде бөлінеді.