Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Жас әнші саxнаға періште кейпінде шықты. Ал оның бейбіт өмірге үндеген әні қару-жарақ көрмесіне жиналған жұрттың жүрегін елжіретті. «Елін бастаған дана Елбасы, Байрағым биік көкте самғасын, Әр елде бейбіт өмір орнасын, Әлемде соғыс болмасын. Әрқашанда аман болсын біздің әлем, Жерім, далам, әкешім, анашым және мен, Аялап-әлдилеген аман болсын әлем!», - деп шырқады Данэлия Тулешова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Данэлияның бүгінгі әні арнайы KADEX-2018 көрмесінің ашылуына арнап жазылды. «Иә, бұл - жаңа ән. Оны қару-жарақ көрмесіне арнап жазып берді. Сөзін Олжас Қасым, ал музыкасын Ринат Әбдіхалықов жазды. Данэлияның өзі Швейцарияда оқуда болды. Жаңа әнді біркүннің ішінде жаттап алды», - деді Данэлия Тулешованың ұстазы Наталья Чуракова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, бүгін Астанадағы халықаралық әуежайдың әскери секторы аумағында V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі ашылды. Көрменің ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Бұл көрме 2010 жылдан бері өткізіліп келеді және осы уақыт аралығында қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар арасында өзара оңтайлы байланысты орнату мен дамытуға қолайлы жағдай жасауға, қорғаныс күштерін технологиялық тұрғыда жаңғырту мәселелері жөнінде тәжірибе алмасу үшін тиімді алаңға айналды. Биыл көрмеде 10 павильон жұмыс істейді, олардың ішінен: Түркия, Қытай және Ресейдің 3 жеке павильоны, қазақстандық «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ, «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС, «Қазтехнология» АҚ кәсіпорындарының павильондары, одан бөлек космонавтика саласының жетекші үлгілері ұсынылатын ғарыш қызметіне арналған павильон алғаш рет қойылып отыр.
Бұдан бөлек, Беларусь, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, Нидерланды, АҚШ, Сербия сияқты әлемнің 28 елінің 318 кәсіпорны өз өнімдерін ұсынады.
Көрме аясында «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумы, «Cyber and Digital Security» және «Advanced Def Tech» конференциялары өтеді.
Аталған шаралар барысында әлемнің түрлі елдерінен келген мамандар мен сарапшылар қорғаныс өнеркәсібі, әскери-техникалық ынтымақтастық, ғарыш қызметі мен ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды мәселелері төңірегінде пікір алмасып, заманауи кезеңдегі киберқорғаныс жөніндегі сауалдарды талқылайды.
«KADEX-2018» көрмесі 26 мамырға дейін жалғасады.
Оқи отырыңыз:
Тәжікстанның дінбасылары Рогун ГЭС-інің жұмысшыларына ораза ұстамауға рұқсат берді
Елiмiзде 41 градус ыстық болады – Министр өрт қаупi жоғары екенiн айтты
Павлодарда кір жуатын машина өртеніп, үш адам ауруханаға жеткізілді