Даниал Ахметов Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Бас хатшысы Мишель Жарроны қабылдады

Кездесу барысында тараптар гидрометеорология саласындағы ынтымақтастыққа және Дүниежүзілік метеорологиялық ынтымақтастық ауқымында қоршаған ортаның ғаламдық мониторингіне қатысты бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасып, өзара қарым-қатынастың даму қарқынына қанағаттанғандық білдірді.

Үкімет басшысы, ауа райын болжау ғана емес, табиғи апаттардың залал-зардабын азайтуға, тіпті, кей жағдайларда апаттардың алдын алуға мүмкіндік беретін гидрометеорологиялық қызметке Қазақстанның "басқаша көзқараспен қарайтын уақыты келгенін" атап айтты.
Астық экспорты көлемі жөнінен әлемде алтыншы орын алатын Қазақстан көп жағдайда табиғаттың кейбір тосын мінездеріне тәуелді және Үкімет басшысының айтуынша, жақын жылдары "қоршаған ортаны зерттеу деңгейін арттыру үшін көп нәрсе жасалады". Осыған байланысты, болашағынанм үміт күттірген қазақстандық ғарыштық жер серігінің мүмкіндігін пайдалану және жер бетін бақылау қызметін жақсарту жоспарланып отыр.
Даниал Ахметов Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Бас хатшысын "өз метеотамыры бар" Арал теңізі мен трансшекаралық өзендердің проблемалары жайынан хабардар етті. Сондай-ақ, ол Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысына қолдау көрсеткені үшін Мишель Жарро мырзаға алғыс білдірді.