Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, облыс көлемінде жүріп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысы талқыға түскен кеңейтілген аппарат отырысында аймақ басшысы жауапсыз мердігерлер мәселесіне ерекше тоқталды.
«Бажов көшесінде атқарылып жатқан жұмыстар сапасыз. Екі жылдан кейін жолдың жағдайы қаз-қалпына түседі. Біз жұмыс ақысын толық төлейміз, ал олар мойындарына алған міндетті толық орындамайды. Арнайы комиссия құрып, учаскеге тексеру жүргізуді тапсырамын. Барлық кемшіліктер жойылуы тиіс», - деді Даниал Ахметов.
Жалпы Өскемендегі жолдарды жаңартуға 8 миллиардтан астам теңге қарастырылып отыр. Олардың 5,7 млрд. теңгесі қайта құруға жоспарланса, 1,5 млрд. теңге орта жөндеуге, 900 млн. теңге көше-жол желілерін ұстауға бағытталған. Бүгінде орталық көшелерде орта жөндеу жұмыстары 90 пайызға дейін орындалды.