Аталған іс-шара аясында жас ақындар арасында ұлттық спортты насихаттайтын мүшәйра ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды аталмыш қауымдастықтың баспасөз қызметінен.
Мүшәйраға жасы 35-ке дейінгі жазба ақындар қатыса алады. Ақындар онда ұлттық спорттың кез келген түрін сипаттаған, яғни, бәйге, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар жайлы бұрын ешқайда жарияланбаған жырларын ұсына алады.
Байқаудың мақсаты - ұлттық спорт түрлерін насихаттау арқылы жастардың дәстүрлі өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлттық рухты биіктету, жастардың поэзияға деген құштарлығын арттырып, оларға қолдау көрсету және әлі таныла қоймаған ақындарды, әсіресе, жас дарындарды анықтау.
Байқау екі өлеңнен тұрады. Оның алғашқысы - «Дарабоз дәстүр» өлеңінде халқымыздың көнеден келе жатқан парасатты салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтар мен ұлттық спорт түрлері жырға өзек болуы тиіс. Ал екінші өлең - еркін тақырыпта.
Бас жүлдеге - 150 000 теңге, І орынға 100 000 теңге, ал екінші және үшінші орындар үшін сәйкесінше 70 000 теңге мен 50 000 теңгеден тігіліп отыр. Байқауға қатысатын өлеңдер 2014 жылғы 10 желтоқсанға дейін қабылданады.