Денсаулық сақтау министрлігі көтерме және бөлшек саудада бағасы мемлекеттік реттеуге жататын дәрілік заттар тізіміне өзгерістер енгізу туралы жоба әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ведомствоның мәліметінше, өзгерістер әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің халық үшін қолжетімділігін сақтауға және фармацевтикалық нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Тізім 2026 жылғы 15 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда және Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерде тіркелген рецептілік дәрілік препараттар туралы өзекті деректер негізінде жасалған. Құжат қолданыстағы бағаны реттеу қағидаларына сәйкес әзірленіп, оған сай тізім жылына екі рет жаңартылып отырады.
Жобаға сәйкес, дәрігер рецептісі арқылы сатылатын 2903 дәрілік препараттың бағасы мемлекеттік реттеуге жатады. Министрлік бұл препараттардың созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуде кеңінен қолданылатынын, сондықтан олардың бағалық қолжетімділігі ерекше назарда болуы тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ ведомство жаңартылған тізім мемлекеттік реттеу шараларын нақты әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Бұл бақылауды пациенттер мен денсаулық сақтау жүйесі үшін аса маңызды дәрілік заттарға бағыттауға жол ашады.
Министрліктің айтуынша, өзгерістердің негізгі мақсаты – халықтың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, фармацевтикалық нарықтың тұрақты дамуына жағдай жасау. Осыған байланысты мемлекет әлеуметтік маңызы жоғары рецептілік препараттардың бағасын бақылауды жалғастырады, бұл олардың негізсіз қымбаттауына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Құжат қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында жарияланған. Талқылау 2026 жылғы 7 шілдеге дейін жалғасады.