Денсаулық сақтау министрлігі мамандарды даярлау көлемін енді ел бойынша ортақ көрсеткішке емес, өңірлердің нақты қажеттілігіне қарай жоспарлауды ұсынып отыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталының тілшісі.
Жаңа жобаға сәйкес, әр облыс пен республикалық маңызы бар қаланың денсаулық сақтау басқармасы өз өңіріне қанша және қандай маман қажет екенін алдын ала анықтайды. Соның негізінде медициналық жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранттары бөлінеді.
Мысалы, белгілі бір өңірде педиатрлар, хирургтер немесе кардиологтар тапшы болса, сол мамандықтарға көбірек грант қарастырылып, қажетті кадрларды мақсатты түрде даярлау көзделеді.
Министрліктің мәліметінше, жаңа жүйе медициналық кадрларды жоспарлаудың бірыңғай тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Гранттарды бөлу кезінде бірнеше негізгі фактор ескеріледі:
Ведомство бұл өзгерістер дәрігерлерді даярлау көлемін қысқартуға бағытталмағанын атап өтті. Керісінше, мемлекеттік білім беру тапсырысы еңбек нарығындағы нақты сұранысқа бейімделіп, кадр тапшылығы бар өңірлерге басымдық беріледі.
Бұл тәсіл дәрігер жетіспейтін аймақтарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге, түлектерді жұмыспен қамту тиімділігін арттыруға және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы жылдың басындағы дерегіне сәйкес, Қазақстанда 3900-ге жуық дәрігердің бос жұмыс орны бар. Ең көп сұраныс жалпы практика дәрігерлеріне, терапевтерге, хирургтерге, анестезиолог-реаниматологтарға, акушер-гинекологтарға және онкологтарға тиесілі.
Қазіргі уақытта гранттарды бөлудің жаңа тәртібін көздейтін жоба «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.