Бала сирек кездесетін туабіткен Уолкотт-Раллисон синдромына шалдыққан. Аталған ауру түрі бүйрек пен бауырды зақымдайды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Қант диабетімен ауыратын Базиль Мұхаммед дәрігерге жиі қаралуға мәжбүр болған. Ұлының жағдайы күрт нашарлаған соң, әкесі Муавай оны бірден ауруханаға алып барған. Дәрігердің кезегін күтіп отырған кезде бүлдіршіннің жағдайы бұрынғысынан бетер нашарлап, әкесі мамандарды көмекке шақырған.
«Мен оларға барып баламның қатты қиналып жатқанын айттым. Олар «Сен нені меңзеп тұрсың?» деді. Мен дәрігер Базильді шұғыл емдемесе, оның өліп кетуі мүмкін екенін жеткізбек болдым», - дейді бүлдіршіннің әкесі.
Дәрігерлердің көмегін бір сағат күткен бала сол жерде көз жұмады. Осы оқиғадан кейін Муавай ауруханадағы кезек жүйесін өзгертуді талап етті. Әзірге аурухана басшылығы Базильдің туыстарына көңіл айтып, оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр.