«Дәрігердің салғырттығынан»: 3 жасар қыз көз жұмды

 Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы «Астана» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Келіншектің айтуынша, бүлдіршін тамағына жасалған операциядан кейін қараусыз қалып көз жұмған.

Анасы қызынан «Даун синдромы» анықталғанымен, ауытқушылық болмағанын айтады. Үш жасар Айназға дәрігерлер ота жасап, тамағындағы қабынған безді сәтті алып тастайды.

«Реанимациядан бір медбике шақырады. Ол медбике келіп, балаға катетер қоя алмайды. Баланың қолы мұздай бастаған кезде екінші медбикені шақыртады. Ол баланың жағдайын көріп, бірден дәрігер шақырыңыздар, бала ауыр халде, қиналып демікпе болып жатыр, ешқандай катетерді сала алмаймын, реанимацияға апарыңыздар деп кетіп қалады. Бірақ оған құлақ аспаған бірінші медбике катетерді салғызды», – дейді сәбидің анасы.

Оқиға демалыс күні болғандықтан, шақыртқан дәрігерлер уақытында келмеген. 12 сағат бойы осылай қиналған сәби әбден әлсірегенде ғана мамандар көмек көрсетуге асыққан.

«Дәрігер кешкісін бала қиналып жатқан уақытта келді. Бала өлім аузында еді. Пульсін қарағанда бір-біріне ымдап бірдеме айтты. Кейін апа, қызыңыздан айырылып қалдық, иманды болсын деді. Дәрігерлердің салғырттығы бәрі. Отадан кейін қызыма дұрыс қарамады», – дейді Айдана Мұхамбетиярова.

Ал дәрігерлер бүлдіршінді операцияға дайындау кезінде денсаулығынан кінәрат табылмағанын айтады. Одан кейін де жағдайын қадағалап отырдық дейді.


«Баланы операциядан соң өзім қарағанда бүкіл көрсеткіші қалыпты болды. Кенеттен әлсірегесін, жансақтау бөлімінде көмек жасадық. Кейін жүрегінде ақау бары, пневмонияға шалдыққаны анықталды. Жалпы мұндай дерті бар балалардың бүкіл кеселі осындай операция кезінде өршіп кетеді әрі кез келген ота – тәуекелге толы іс. Сәбидің ата-анасына қайғырып көңіл айтамын», – дейді отоларинголог дәрігер Орынбек Жұбанов.

Бүгінде полиция осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғаған. Яғни дәрігерлердің кәсiби мiндетiн қаншалықты талапқа сай атқарғанын тексереді. Осыдан кейін ата-анасы заң органдарына жүгінбек.