Жаратқанға құлшылық қылып намазға жығылған жамағаттың бүгін таңнан ауыздары берік. Қасиетті айды асыға күткендер Астанадағы ең үлкен «Әзірет Сұлтан» мешітіне сыймай қалды. Ал құранның алғашқы аяттары түскен Рамазан айында тозақ есіктері жабылып, шайтанның аяғы кісенделеді екен. Осы ұлық айда мұсылмандар Алланың разылығы үшін ауыз бекітіп, нәпсісін тыюуы тиіс.
Ораз Серікбай, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының наиб мүфтиі:
-Адамзат баласының ақ тілегін Алла қабыл етіп, қандай мақсат тілегі болса, баршасының орындалуына себепкер болатын рамазан айы бұл. Қолынан келгенінше, жақсы амалдарымен көрінсе, біздің дәулетті азаматтарымыз қайырымдылыққа көңіл бөлсе деміз.
Ораза ұстау Алла бұйырған бес парыздың үшіншісі. Оны пайғамбар өсиетіне сай орындап, таң сәресін ішкен мұсылман күн батқанша аш жүреді. Көзін, тілін, қолын тыяды. Санасын да арам ойдан ада қылуы шарт. Жалпы ораза адамның жаны мен тәнін рухани тазартып қана қоймай, денсаулығына да пайдасы зор. Мұны медицина да әлдеқашан мойындап қойған.
Айгүл Сүлейменова, диетолог:
-Оразада адам өзін астан тыяды. Сол арқылы оның ағзасы толықтай тазарады. Түрлі ішек, асқазан ауруларының жазылуына септігін тигізеді.
Ал, созылмалы сырқаты барлар мен бала емізген аналарға ауыз бекітпеуге болады. Бұған шариғатта рұқсат етілген. Егер олар ораза тұтқандарға ауыз ашар жасаса бірдей сауапқа кенеледі. Сырқатына немесе жол жүруіне байланысты оразасын бұзғандар дертінен айығып, жетер жеріне жеткесін қарызын өтеуі тиіс.
Ораза биыл да нағыз қайнаған ыстыққа тап келгендіктен мұсылмандар үшін нағыз үлкен сынақ болғалы тұр. Десек те, Аллаһтың ризашылығына бөленуге асыққандарға бұл кедергі емес. Керісінше, адамның жан дүниесін мейірімге бөлейтін он екі айдың сұлтаны Рамазанға жеткендеріне үлкен де, кіші де дән риза.
Исі мұсылман қауым үшін бүгіннен басталған қасиетті ай шілденің 16-сына дейін жалғасады. Ал, оның соңы ұлық мереке – Ораза айтқа ұласып, 3 күн бойы көрші-қолаң, ағайын тума бір-бірін аралап айтшылайды. Оған дейін мұқтаждарға пітір садақа берілуі тиіс. Оның көлемі биыл да 200 теңге болып бекітілген.
Loading...