Жиналған қаржы дәрігерлердің қателігінен зардап шеккен науқастарға төлемақы ретінде жұмсалмақ, деп хабарлайды YK-news.kz.
Мұндай қор құру туралы әңгіменің қозғалғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қысқаша түсіндіре кетсек, дәрігерлердің ем-домнан қателік жіберіп, науқастардың сол үшін төлемақы талап ететін жағдайлары кездесіп жатады. Кейде төлемақының көлемі салмақты болып, кінәлі дәрігер немесе фельдшердің ондай ақшаны қалтасы көтермей, туған-туыс, дос-жарандарынан көмек сұрауға мәжбүр болады.
Енді қаржылық ұйымның дайындалған жобасы Әділет министрлігінен тіркеуден өтетіні белгілі болып отыр.
— Оған әркім өз еркімен қатысады, — деді Ұлттық денсаулық сақтау палатасының басқарма төрайымы Алмагүл Қауышева. — Атап айтайын дегенім, әңгіме дәрігердің салғырттығы емес, қателігі туралы болып отыр. Маман өз міндетіне салғырт қарады ма, жоқ, қателесіп кетті ме, о жағын анықтау үшін, әр жолы тәуелсіз сарапшылардан тұратын арнайы комиссия жұмыс істейді.