Іс-шараға Альянстың Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Жезқазған және Семей қалалары мен облыстардағы 19 өңірлік бөлімшенің 100-ге жуық өкілі қатысты.
Дариға Назарбаева пандемия кезінде мұқтаж жандарға, әлеуметтік мекемелерге көмек көрсеткен, дәрі-дәрмектермен, жабдықтармен, ыстық тамақпен қамтамасыз еткен әйелдерді атап өтті. Көптеген адамдардың өмірін сақтап қалған, адамдарға үміт сыйлаған дәрігер-әйелдерге, медбикелерге, санитарларға өз кәсібіне адалдығы, қайырымдылығы мен ақкөңілділігі үшін ерекше алғысын жеткізді.
Дариға Назарбаева гендерлік саясатты іске асыру тұрғысынан алғанда осы жылдың маңызды оқиғасы - әйелдердің «Нұр-Отан» партиясының праймеризіне қатысуы екенін атап өтті. Партияның ішкі іріктеуіне тіркелген 10 990 қатысушысының 4033-і әйелдер. Яғни, әйелдер үміткерлердің жалпы санының 36,7 пайызын құрады.
«Қазақстанның әйелдері күштерінің Альянсының» қатысуын ерекше атап өткім келеді. Праймеризге қатысқан әйелдердің шамамен 40 пайызы Альянс өкілдері. Бұл іс жүзінде кадр саясатына қатысуды білдіреді. Альянс үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. 1500 әйелден тұратын республикалық кадрлық резерв қалыптастырылды. Олардың барлығы кәсіби, танымал, табысты», - деді ол.
Дариға Назарбаева өз сөзін жалғастыра, «Қазақстанның әйелдері күштерінің Альянсы»форумына қатысушылардың талқылауына шығарылған мәселелердің өзектілігіне назар аударып, елдегі әйелдердің жағдайын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігін баса айтты.
«Есейген сайын әр әйел көшбасшы болады. Оларға оны өмір үйретеді. Көшбасшылық – бұл ең алдымен жауапкершілік. Өз өміріміз үшін, біз жақсы көретін барлық адамдар үшін. Біздің ата-анамыз, бауырларымыз, күйеулеріміз, балаларымыз, достарымыз және әріптестеріміз үшін. Сондықтан әйелдер үшін әлеуметтік дамудың мақсаттары түсінікті. Ортақ игілік, бейбітшілік пен амандық, олар үшін елдің табысы туған үйіндегі, отбасындағы бақыт пен амандықпен тығыз байланысты», - деп атап өтті ол.
Дариға Назарбаева қазақстандық әйелдер ауылдар, қалалар, облыстар, республика деңгейінде көбірек жауапкершілік алуға дайын деп санайды. Олар тәжірибе тұрғысынан да, қажетті кәсіби құзыреттілік тұрғысынан да бұған дайын.
Өз кезегінде «Қазақстанның әйелдері күштерінің Альянсы» ЗТБ төрағасы Раушан Сәрсембаева әйелдер күштері Альянсы жұмысының нәтижелері туралы айтып, ұйымның белсенді қатысуымен сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға түзетулер қабылданғанын, оған сәйкес партиялық тізімдер әйелдер мен жастардың кемінде 30%-ын ескере отырып қалыптастырылатынын атап өтті. Сондай-ақ, әйелдердің саяси көшбасшылығының онлайн-мектебі іске қосылды, онда 330-дан астам әйел білім алады. Альянстың қатысуымен отбасылық және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі заң жобасына 15-тен астам түзету, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасына 50-ден астам түзету енгізілді, коронавирустық пандемия жағдайында медицина қызметкерлері мен әлеуметтік осал отбасыларды қолдау бойынша 67-ден астам қайырымдылық акциясы өткізілді.
2 сағаттық онлайн-конференция барысында қатысушылар өзекті мәселелерді талқылады: мәселелерді шешім қабылдау деңгейіне жеткізу, әйелдердің құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту, әлеуметтік осал топтарды қолдау, әйелдердің қоғамдағы мәртебесін арттыру.
Талқылау барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсу проблемасына ерекше назар аударылды. Соңғы 5 жылда отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың саны екі есеге артты. Бұл ретте зорлық-зомбылық қылмыстардың 37,8%-ы әйелдерге қарсы жасалған.
Іс-шара соңында қатысушыларға «2021-2023 жылдарға арналған Қазақстанда әйелдердің өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі альянстың жол картасы» таныстырылды және Қазақстанның әйелдер күштері Альянсы форумының қарары ұсынылды.
Анықтама: «Қазақстанның әйелдері күштерінің Альянсы» ЗТБ нысанындағы ең ірі ұйым, ол әйелдердің, балалардың, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті дамыту саласында жұмыс істейтін 140-қа жуық үкіметтік емес ұйымдарды біріктіреді. Альянстың миссиясы Қазақстандағы әйелдердің, балалардың және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мәртебесі мен өмір сүру сапасын арттыру.