Зұлхарнай ата бұл кешке Алматыдан арнайы келіпті. Жасы 90-нан асқан ардагер балаларына Астанадағы опера театрын көзбен көрсем деп көптен бері айтып жүр екен. Енді міне, сәті түсіп, жылда жеңіс күні қарсаңында өтетін Дариға Назарбаеваның концертінен орын бұйырды.
Зулхарнай Сейітов, соғыс ардагері:
-Менің немерелерім,балаларым дайындады. «Ата, Астанаға жаңа театрға барасың. Дұрыстап киініп бар, ақ көйлек ки, галстугың жақсы болсын» деп, бәтеңкемді майлап, шығарып салды. Майданның өзінде соғыс біткеннен кейін кешке жақын сол әртістердің әнін тыңдап, риза болдық.
Омырауы медальға толы, үстіне бар жақсыларын киген мына ардагерлер де еліміздің әр аймағынан ән тыңдауға келген. Қарттармен қатар депутат, шенеуніктің бәрі осында. Ал, сахна сырты тура бұлбұл бақшасындай. Дариға Назарбаевамен бірігіп өнерін паш ететін әншілер даусын баптап жүр, дирижер де соңғы дайындығын пысықтауда. Дариға Назарбаева да көп күттірмеді. Кеш жеңіске арналғандықтан, көбіне соғыс жылдары шырқалған әндер орындалды. Дариға Нұрсұлтанқызы алдымен күш-жігері қарулы жауынгерлерден кем түспеген ақжаулықтыларға бас иді.
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ардагерлерге арнап ұйымдастырылған ән кешінің тағы бір қадірлі қонағы - елімізде іс-сапармен жүрген Түркия президентінің жары Эмине Ердоган. Түркияның бірінші ханымы да тарихы терең әндерді тамылжымай тыңдады.
Loading...