Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Mash Telegram-арнасының мәліметінше, даркнетте shymzz13 лақап атымен отырған қолданушы 15 млн қазақстандықтың мәліметтері бар деген дерекқорды сатылымға шығарған.
Сатушы бұл базаны мемлекеттік eGov сервисін бұзу арқылы алғанын мәлімдеген. Алайда Қазақстанның Цифрлық даму министрлігі әзірге жарияланған деректердің электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінен ұрланғанын растаған жоқ.
Базада қандай деректер бар деген болжам айтылды?
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, файлдың көлемі 2,7 ГБ. Оның ішінде әртүрлі дербес деректер жазылған 47 млн жол бар деген болжам айтылуда. Атап айтқанда:
Даркнеттегі қолданушы базаны 0,5 биткоинге бағалаған. Бұл шамамен 32 мың доллар немесе 15 млн теңгеге жуық.
Қазақстанның Цифрлық даму министрлігі не деді?
Цифрлық даму министрлігі Қазақстан азаматтарының дербес деректері таралып, даркнетте жарияланғаны туралы ақпараттан хабардар екенін мәлімдеді.
Қазір ведомство бейінді қызметтермен бірлесіп, жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіп жатыр. Мамандар ұсынылған деректердің үлгілерін талдап, олардың ықтимал шығу көзін анықтауда.
Министрлік қазіргі таңда электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелері бұзылып, аталған база тікелей eGov жүйесінен алынғанын растайтын нақты деректер жоқ екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, ведомствоның мәліметінше, жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкіметтегі деректердің құрылымы мен форматына сәйкес келмейді.
Атап айтқанда, eGov жүйесінде паспорттардың скан-көшірмелері көрсетілген форматта сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше.
Сондықтан даркнет қолданушысының базаның eGov жүйесінен алынғаны туралы мәлімдемесін электрондық үкіметтің бұзылғанына дәлел ретінде қарастыруға болмайды.
Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр
Цифрлық даму министрлігі техникалық тексеру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Ведомство оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беруге уәде етті.
Ал азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтауға кеңес берілді: