«Дәстүр бойынша жалаң аяқ жерге тұрғыздық»: Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова қыздарының тұсауын кестірді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Той Алматы қаласында өнер жұлдыздарының қатысуымен өтті. Ерекше қуанышқа орай ұйымдастырылған шарада сәбидің тұсауын журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжан кесті.

Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі парақшасында Рабия Сұлтанның тұсауын кесу өзіне үлкен мәртебе болғанын жазды.

«Осыдан бірнеше ай бұрын Жұлдыз Әбдікәрімова менен Рабия Сұлтанның тұсауын кесуімді өтінген еді. Бұл мен үшін әдемі дәстүр ғана емес, абырой, сенім деп қабылдадым.

Рабия – Нұртас әулетіне шуақ болып келді, жылылық пен махаббатын ала келді. Қайрат пен Жұлдыздың балалары көз алдымызда өсіп келеді. Барлығы өнерлі, тәрбиелі, білімді. Мұның артында ата-ананың ғана емес, бүкіл жеті атаның қаны мен жаны тұр», – деп жазды ол.

Тележүргізуші Жұлдыз Әбдікәрімованың отбасындағы тәрбиесіне де тоқталды.

«Жұлдыз туралы әңгіме бөлек. Ұстамды, парасатты. Маған берген сұхбатында Жұлдыз қыздарының атын Рабия Сұлтан деп қоюының себебін де айтқан еді.

Рабия махаббатқа бөленіп өскен, әулеттің ұйытқысы болатын бақытты қыз болсын! Қайрат пен Жұлдыздың отбасында осындай қуанышты сәттер көп болсын! Сіздердің ынтымағы жарасқан әдемі отбасыларыңызға тек бақыт тілеймін», – деп ақ тілегін білдірді Динара Сәтжан.

Жұлдыз Әбдікәрімова қызы Рабия Сұлтанның тұсау кесу рәсімін қазақтың ұлттық дәстүріне сай өткізгенін айтып, әрбір жоралғының мән-мағынасын түсіндірді.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында тұсаукесуде қолданылған тоқ ішек, жасыл шөп пен ала жіптің символдық мәніне тоқталған.

«Тұсау кесу рәсімі.

Тоқ ішек – тоқшылықтың, молшылықтың нышаны. Халқымыз “тоқ болсын” деп тілеген. Бұл – береке мен тыныш өмірдің белгісі. Жасыл шөп – өмірдің өзі. Өсім, жаңару, үміт… Әр көктем сайын тіршілік қайта түлейді. Ала жіп – адалдықтың белгісі.

Дәстүр бойынша қызымызды жалаң аяқ жерге тұрғыздық. Табанымен көкті басып, жер қуатын алып, жылуын сезіп, тіршілігін жалғастырсын. Әр қадамың Жер-анаға аманат! Бұл – сенің тағдырыңның бастауы», – деп жазды ол.

Айта кетейік, Рабия Сұлтан – Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімованың бесінші перзенті.

Желі қолданушылары отбасының қуанышына ортақтасып, сәбидің қадамы құтты болып, болашағы жарқын болсын деген тілектерін білдіруде.