ДДҰ 1,8 млрд адам коронавирус жұқтыруы мүмкін екенін мәлімдеді

Дүниежүзі бойынша ауруханаларды сумен қамтамасыз ету мәселесіне байланысты шамамен 1,8 миллиард адам COVID-19 немесе басқа инфекция жұқтыруы мүмкін. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында хабарланды.

Дүниежүзілік ұйымның хабарлауынша, әлемдегі әрбір төртінші аурухана сумен қамтамасыз етілмеген.

"Су, санитарлық жағдай және гигиена медицина қызметкерлері мен науқастардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Алайда бұған көп жағдайда басымдық берілмейді", - делінген хабарламада.

ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, мекемелерде гигиенаға қажетті жағдайдың болмауы медицина қызметкерлерінің қорғаныс құралынсыз жұмыс істеуімен тең. Ал сумен қамтамасыз ету, санитария мен гигиена коронавируспен күресте үлкен рөл атқарады. Мұндай мәселені, әсіресе, дамымаған елдерде шешу қажет.

Ұйымның хабарлауынша, әлемнің мұндай 47 елінде жағдай өте нашар. Мысалы, ол елдегі әрбір екінші медициналық мекемеде қарапайым ауызсу, әрбір төртінші ауруханада қол жуатын жер жоқ.


ДДҰ бас директоры таза су жоқ жерде емдеу медицина қызметкерлері мен науқастар өміріне қауіп төндіретінін айтты.

"Әрине, бұл мәселе коронавирус пандемиясына дейін де болды. Алайда бұған көз жұма қарауға болмайды", - деді Гебрейесус.

Айта кетейік, ДДҰ қазан айында жариялаған мәліметтер медицина қызметкерлері өзгелерге қарағанда COVID-19 инфекциясын көп жұқтырғанын көрсетіп отыр.

Қазақстанда пандемия басталғалы 142 325 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. 126 182 адам жазылып шығып, 2 145 адам қайтыс болды. Ал бірінші тамыздан бастап 43 952 адам пневмонияға шалдықты, 31 519 адам жазылды, 464 адам қайтыс болды.