Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының құрылтайшысы Оскар Де Ла Хойя 16 қыркүйекте орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес арасындағы жекпе-жек қанша раундқа созылатынын айттыl, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Бізде әрдайым алға жүретін Головкин бар. Ол екі қолымен де жойқын соққылар жасайды. Ол әрдайым нокаутты іздейді және оның рекорды бұған дәлел. Ол өз спорттық мансабында барлығын нокаутқа түсіріп келеді. "Канело" өзін көрсету мақсатында барын салады. Бұл керемет жекпе-жек болады. Менің ойымша, бұл бес-сегіз раунд нағыз тозақ оты болады. Бұл сөзсіз керемет әрі қызықты кездесу болады", - деп жазады Boxingnews24.com Оскар Де Ла Хойяның сөзін.
Осыған дейін промоутер "Канелоның" нокаутқа түсіп қалуы немесе Головкиннің күл талқанын шығаруы мүмкін екенін айтқан еді.
Айта кетейік, Головкин - "Канело" жекпе-жегі 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада) T-Mobile Arena аренасында өтеді.
Сауль Канело Альвареске қарсы жекпе-жекте Геннадий Головкин орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO чемпиондық атақтарын қорғайды. Мексикалық "The Ring" журналының белбеуін бәске тігеді.