Халық пен бюджеттің ақшасы тек ел азаматтарының игілігіне жұмсаулы керек, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы осы уақытқа дейін елімізде жүрген шетелдік легионерлерге бюджеттен ақша бөлінбеуі керек деген ұсынысты заңдық нормаға енгізіп, Үкіметке жолдаған. Оның айтуынша, мемлекеттің ақшасын шашуды қойып, қаражат тек жоғары жетістіктер мен басым спорт түріне берілуі керек.
"Дегенімізге жеттік. Мен ұсынған жаңа нормаларды әріптестерім қолдады, кеше Үкіметтен жағымды жаңалық келіп жетті. Енді легионерлерге 1 тиын бермейтін Заңдық нормамды Үкімет қолдады. Сондай-ақ спортқа бөлінетін ақша оңды-соңды шашуды доғарамыз. Мемлекеттік спорттық ұйымдар мен бұқаралық спорт түрін дамыту басымдылыққа ие болып, көбірек қаржыландырылатын болады", - деп бөлісіті депутат.
Бұдан бөлек, адам естімеген спорт түрлеріне ақша беріп келген министрліктің шешімі де тоқтатылды. 180 спорт түрі қысқартылады. Спортқа бөлінетін ақша тек олимпиада тізіміне енген, Паралимпиада, Азиада сынды маңызды шараларға қатысты болмақ. Тиісті норманы Үкімет қолдады.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының 49 бабы:
- бірінші бөлігі: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды жүзеге асыруға тыйым салынады.»;
- екінші бөлігі: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді.» - деп жазылды.
49-бап. Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру көздерінің 6 - тармағы мынадай мазмұнда жазылады:
«Бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) жоғары жетістіктер спорты, оның ішінде спорттың басым түрлері;
2) мемлекеттік спорт ұйымдарының жұмыс істеуі;
3) бұқаралық спорт;
4) спорттық инфрақұрылымды дамыту.»;
Қазақстанда легионер спортшылардың нақты саны жыл сайын өзгеріп отырады. Дегенмен, легионерлер, негізінен, футбол, хоккей теннис, баскетбол сынды спорт түрлерінде кездеседі. 2022 жылы Мәдениет және спорт министрлігі легионерлердің санын шектеу туралы жаңа ережелер енгізген, алайда нақты дерек бойынша қанша шетелдік спортшылар бар екені туралы ресми мәлімет жоқ.
Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте агенттік төрағасы Асхат Жұмағалидің басшылығымен спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері бойынша ведомствоаралық мәжіліс өтті. Агенттік жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысын тіркеген.
Тек кейінгі 6 жылда осы саладағы бюджет 2 есеге өсіп, 1,4 трлн теңгеге жетті. Алайда Қазақстанның әлемдік спорттағы рейтингі төмендеп барады. Осы сала бюджетінің 90%-і жұмсалатын "жоғары жетістіктер" және "бұқаралық" спортты қаржыландыру арасында теңгерімсіздік байқалады. Ал дамыған елдерде пропорциялар мүлдем өзгеше және бұқаралық спортқа қаражат бөлу басым.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, еліміздің футбол кәсіподақ клубтары соңғы 3 жыл ішінде 30 млрд теңгеден астам үстеме ақы төлеген. Өзінің спорттық инфрақұрылымын дамытудың орнына бюджет қаражаты легионерлерге және спорт нысандарын жалға алуға жұмсаған.
Ал мемлекет басшысы биыл Парижде өткен жазғы олимпиада ойындарынан кейін еліміздегі спорттың дамуын сынға алған еді. Мемлекет бюджеттен аямай қаржы құйғанымен, жеткен жетістіктерге көңілі толмайтынын қадап айтты.
"Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт шенеуніктері соңғы нәтижеге мән бермей, спортты дамытумен емес, миллиардтаған бюджетті игерумен айналысады. Спорт саласында жемқорлық фактілері тұрақты тіркеледі. Бұл отандық спорттың дамуына ғана емес, еліміздің имиджіне де орасан зор зиянын тигізуде. Бұл жағдайға жол беруге болмайды!", - деген еді Президент.