Кеше Гил ақпарат құралдарына берген сұхбатында келесі кездесуін Головкинге қарсы өткізіп, WBA дәрежесіндегі чемпиондық белбеуін тартып алғысы келетінін айтқан. Жерлесіміздің промоутері Том Леффлердің айтуынша, Гил Головкинмен кездесу үшін ол Монакодағы жекпе-жегін абыроймен атқаруы керек.
«Гил Головкинмен WBA белдігі үшін қалаған уақытта кездесе алады. Тіпті, біз оның промоутеріне 1 ақпанда Монакода жекпе-жек ұйымдастыруға ұсыныс та жасадық. Алайда олар ұсынысымызды қабылдамады. Енді Генаның Осумануға қарсы шығуына тура келеді. Сонан соң, Гил қалап жатса, жекпе-жек ұйымдастыра жатармыз», - дейді Том Леффлер.
Естеріңізде болса, 2014 жылдың 1 ақпанында Головкин Монте-Карлода WBA дәрежесіндегі атағын оныншы рет, ал IBO дәрежесіндегі атағын жетінші рет қорғайды. Бұл оның кәсіби рингтегі 29-шы жекпе-жегі болмақ. Отандасымыз бүгінге дейін 28 кездесу өткізіп, барлығында басым түсті, оның 25-інде қарсыластарын нокаутпен жеңген. Головкиннің одан кейінгі кездесуі келер жылдың 26 сәуіріне жоспарланған. Жекпе-жектің өтер орны мен қарсыласы әзірге белгісіз, деп хабарлайды Baq.kz.