Дэвис Кубогі: Қазақстан мен Аустрияның жеңіске деген мүмкіндігі бірдей

Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында екі жақтың да мықты екенін, соған байланысты тартысты ойын болатынын атап өтті. Айта кету керек, Кубок рейтингісінде аустриялықтар қазақстандық спортшылардан кейінгі тұғырға табан тіреген. Яғни қазақстандықтар сегізінші орында, ал аустриялықтар тоғызыншы сатыда. Дегенмен, Аустрия құрамасы бұл жарыстарға 78 жыл бойы қатысып келе жатыр, оның ішінде 17 жылдан бері әлемдік топта өнер көрсетеді. Бүгін Астанаға Оливер Марак, Александр Пейя, Андреас Хайдер-Маурер және Юрген Мельцер ұшып келді.

Аустрияның бірінші ракеткасы және АТР рейтингісі бойынша 30-ыншы орындағы Юрген Мельцер еліміздің қонақжайлығына алғысын білдіріп, командаластарының жарысқа сақадай сай екендігін жеткізді. «Ойын барысында ешқандай күтпеген жағдайлар бола қоймас деп ойлаймын. Өйткені сіздердің ойыншыларыңызды бұрыннан білеміз, олармен бірге көптеген жарыстарға қатыстық», - деді ол.

Ал Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин былтыр күзде ауыр жарақат алып, ота жасалғанына қарамастан, Кубокқа қатысатын болды. Оның айтуынша, ол соңғы үш ай бойы осы жарысқа арнайы жаттыққан. «Біз өз үйімізде ойнаймыз. Сондықтан командамыз жеңіске толық дайын деп ойлаймын», - деді М. Кукушкин.

Қазақстанның намысын Михаил Кукушкиннен басқа Юрий Щукин, Андрей Голубев, Евгений Королев сынды спортшылар қорғайтын болады. Диас Досқараевтың айтуынша, қос команданың да жеңіске деген мүмкіншілігі бірдей. Дегенмен мұндай жарыстарда алдын ала бал ашудың орынсыз екенін де жасырмады.

«Бұл кездесу өте салмақты болады. Сондықтан да біз оған барымызды салып дайындалудамыз. Спортшылар бір-бірін біледі, қалай ойнайтындарын да жақсы біледі. Аустрия командасы қауіпті қарсылас, дегенмен соңғы үш жыл бойы біз олардың алдын орап келеміз. Соған орай әлемдік топта өзіндік тәжірибеміз қалыптасты. Сонымен қатар, біздің өз алаңымызда ойнайтынымыз, жанкүйерлеріміз қолдау көрсететіні тағы бар. Бірақ мен мүмкіншілік бірдей деп ойлаймын. Жарыстың әрбір күні маңызды болмақ. Барлығын ойын барысы көрсетеді», - деді Д. Досқараев.

Турнир Ұлттық теннис орталығында өтеді. Ертең түскі сағат 12-де жеребе тарту болады.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы қыркүйек айында Астанада өткен жарыста Қазақстан құрамасы өзбекстандықтарды 3:1 есебімен жеңіп, әлемдік топқа өткен болатын. Бұл жеңіс Қазақстан құрамасын Дэвис Кубогінің рейтингісінде тұңғыш рет сегізінші орынға алып шықты.