Дэвис кубогы: Финалда - Испания мен Чехия

«Аламан» спорт агенттігінің мәліметінше, Испания құрамасы жартылай финалда АҚШ теннисшілерін 3:1 есебімен жеңді. Испандықтарға финалдық жолдаманы Давид Феррер алып берді. Ол Джон Изнерді 6:7, 6:3, 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Екінші жартылай финалдық кездесуде Чехия және Аргентина теннисшілері ракетка түйістірген болатын. Бұл таласта чех командасына жеңісті Томаш Бердых сыйлады. Жалпы командалық есеп 3:1 - Чехия құрамасының пайдасына.

Дэвис кубогының тарихын парақтайын болсаңыз, испан жігіттері бұл турнирде 5 мәрте топ жарыпты, ал чех жігіттері бұл кубокты бір рет қана еншілеген екен. Айта кетсек, үстіміздегі жылғы Дэвис Кубогының финалы Чехияда өтеді.