"Действительно я летал": Психолог есірткі тұтынуды жездесінен үйренген баланың әңгімесін баяндады

Психолог, профессор Күлмаш Ғалымжанқызы өзіне ем алуға келген жасөспірімнің нашаға қалай келгенін Caravan.kz медиа-порталы тілшісіне баяндап, бала тәрбиесіне мұқият болуға шақырды.

Тәжірбиемде нашақорлармен психологиялық жұмыс жасау болды. Соның бірін айтып берейін: Жас жігітті (18 жастағы) анасы алып келді. Жыларман болып баласының осындай күйге түскеніне күйеу баласын кінәлады. "Үнемі жұмыстамын. Тіпті не болып жатқанын да білмеппін. Университетке де баруын қойған. Содан бір күні "саған не болып жүр?" деп сұрақ қойсам агрессивті түрде өзіме қарсы жауап қайтарып, қолын ала жүгірді. Моп-момын баламның мынадай күйге түскенін түсінбей, бөлмесін  тексере келе шприц, қағаз қиындылары, түсініксіз лас киімдер, дәрілердің бос қорапшалары сияқты т.б. заттар тауып алдым. Таныс дәрігерім бар еді. Мән-жайды соған айтқанда, баланы алып келуімді ұсынды. Қарап бірден есірткеге отырғандығын айтты", дейді анасы

Маған келгенде жігіт дірілдеп, қалшылдап отырды.  Өте арық, өңі сұп-сұр. Жігітпен әңгімелесе келе, жездесінің "давай попробуй" деп бергенін, процедураны көрсеткенін білдім. "Как раз сабақпен проблема болып жүр еді. Қатты уайымдап мамама айта алмай жездеме айтқанда "да ты что, не переживай, тебе легче станет давай попробуй" деген сөзінен соң попробовал, действительно я летал, мне по фиг болып кетті, ертеңіне тағы захотелось, солай солай кете берді" дейді. Оның қолданғанына үш-төрт айдың жүзі болған.

- Нашақорлықтан арылу мүмкін бе?


Жалпы нашақорлықтан түбегейлі арылу мүмкін емес. Нашақордың сол нашақорлыққа жіберетін энергиясын басқа нәрсеге бұрып қана әдеттен сәл болса да арылдыруға болады. Мысалы, дінге берілу, өзіне қатты ұнаған ісімен айналысу, т.б.

- Есірткіге масайған адамның кейпін көріп пе едіңіз? Қандай болады?

Есірткіге мастанып, «ұшып», «зависать» еткен ер адамдарды да қыз-келіншектерді де көрдім. Олар сол тұрған орнында сағаттап тұра береді. Мойны, басы салбырап, бір позада қатады да қалады.