Денис Тен Алматы мен Астана қалаларында жұлдызды шоу өткізеді

«Біз түпкілікті жаңа деңгейге шығамыз. Биылғы жылы шоу бұрынғыдан да ауқымды, бұрынғыдан айшықты әрі кәсіби деңгейде өтеді», - деп мәлімдеді Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Д.Тен дүйсенбі күні «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің Алматыдағы баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 29-30-мамыр күндері Алматыда, 1-маусымда Астана қаласында өтетін мұз үстіндегі шоуға әлемдік мәнерлеп сырғанау шеберлері қатысады.

«Бұ жолғы шоуға қатысушылардың құрамын мақтан тұтуға болады. Ондай құрам бұрынғы шоуларда кездескен емес. Он шақты олимпиада жүлдегері келеді. Мәнерлеп сырғанаушылардың арасында спорттық карьерасында тұңғыш рет өз континентінен шалғайға шыққалы отырғандар да бар. Жапония, Америкалық мәнерлеп сырғанау шеберлері де келеді», - дейді спортшы.

Д.Теннің сөзіне қарағанда, мамыр айының соңында өтетін мұз үстіндегі шоуға ең танымал спортшылар қатыспақ.

Олардың арасында, әлемнің үш дүркін чемпионы Мао Асада, Жапонияның бес дүркін чемпионы Дайсукэ Такахаси де бар.

Сонымен қатар, көрермендер АҚШ-тың екі дүркін чемпионы, Олимпиада чемпионы Эван Лайсачектің, ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Татьяна Волосожар мен Максим Траньков жұбының жәні тағы басқалардың өнерін тамашалай алады.


Мұз үстіндегі шоу бұ жолы да қайырымдылық мақсатта өткізілмек. «Ешқандай коммерциялық пайда тапсақ деген ой жоқ. Трибуналардың бір бөлігі балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне беріледі (...). Түскен ақшаға мәнерлеп сырғанаудағы жас спортшылары жинап, танымал тәлімгерлер мен жаттықтырушыларды шақырамын», - деді Д.Тен.

Оның айтуынша, бұл шара жарыстан гөрі өнерге жақынырақ болуы тиіс.

«Біз ешқандай ережелермен шектелмеген, сырғанаудың әдемі көрініін көрсетуді көздеп отырмыз. Мұндай шоуларда спортшылардың ішкі дүниесін көруге болады. Әдетте, жарыстарда біз белгілі бір шектеулерге таңылып қаламыз. Бір-бірімен байланысты қозғалыстар, сегіз түрлі секіру сынды талаптар қойылады. Онда өнерге орын жоқ. Ал, шоуда өнер көрсетуге мүмкіндік бар», - деп атап өтті Д.Тен.