«Қазақ тілі мен үшін қызықты. Бұның алдында ақпарат болды ма, білмеймін, мен бала шағымда қазақ балабақшасына барғанмын. Ол кезде қазақ тілінде жетік сөйлетінімді білмеппін де, себебі тілдердің аражігін ажырата алмадым. Сосын тағдырдың салғаны сол, мені 10 жасымда Мәскеуге алып кетті. Тиісінше, мектепті де Мәскеуде оқыдым және қазіргі уақытта қазақ тіліне қатысты білімім ұмытылып кеткен. Бүгінде тек ауызекі және қарапайым әңгімелерді аздап түсінемін, бірақ әзірге қазақ тілінде сөйлеп, сұхбат беруге менің деңгейім әлі жеткіліксіз. Кеше ғана Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студия» бағдарламасында болдым, оның бағдарламаларының барлығы қазақша өтеді, менімен болған түсірілім де қазақ тілінде өтті, осы тұрғыдан алғанда да тілді білген жақсы. Жақын арада өзімнің туған тілімді оқуға мүдделімін», - деп атап өтті спортшы.
Дегенмен, оның айтуынша, күнтізбенің тығыздығына байланысты, мемлекеттік тілді оқуға уақыт та, мүмкіндік те бола бермейді.
«Оны қалай ұйымдастыру мүмкін екенін білмеймін. Себебі әрдайым әлемнің түрлі мемлекетттеріне сапарда боламын, АҚШ-та жаттығу жасайтындықтан, сонда көп уақыт өткіземін. Оның үстіне Қазақ-Британ университетінде оқып жатырмын. Ал онда сабақ тек ағылшын тілінде өтеді. Соған қарағанда мені мультитілді адам деп атауға болатын сияқты. Сөзсіз, келесі тілдік білімдерімнің қатарына қазақ тілі қосылады. Маған жанкүйерлер қазақ тілінде жазғанда мен қуанамын, бұл үлкен қуаныш сыйлайды», - деді Д.Тен.
Алайда, осыған қарамастан, Денис Тен қазақ тілінде ойын жетік жеткізетіндей деңгейге жетуге қол жеткізуге мақсат қойып отыр.
«Ерте ме, кеш пе, қазақ тілін меңгеретінім анық. Мәселе тек уақытқа тіреліп тұр, мен өз ана тілімді меңгеруге тек қуанышты болар едім. Қазір мен тек спорттық жетістіктеріммен еліме деген махаббатымды танытып жүрмін, егер мен оны өз халқымның тілімен де білдіре алсам, бұл маған да, ата-анама да үлкен қуаныш болатыны сөзсіз. Мен ең қонақжай елде туғаныма бақыттымын», - деп түйді ойын Д.Тен.
Еске салсақ, биыл наурызда Шанхайда өткен Әлем біріншілігінде Д.Тен Қазақстан қоржынына қола медаль салған болатын. Д.Тен Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан әлемдік біріншіліктерде және Олимпиада жарыстарында жүлде салған алғашқы спортшы екенін айта кеткен жөн.