Денис Теннің анасы неге ұлын тапсырыспен өлтірді деп санайтынын айтты

Алматыда қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында осымен екінші күн сот талқылауы болып жатыр. Сот процесі қазақ тілінде өтуде. Төрағалық етуші судья – Кеңшілік Әбелдинов.

«2018 жылдың 29 маусымында Денисті Мадина Аманова «Гедонист» мейрамханасының ашылуына шақырды. Мейрамхана директоры — Руслан Хайруллаев, оның сыныптасы. Денис оны көргеніне, әсіресе, мейрамхана басшысы қызметін атқарып жүргеніне қатты таңғалды. Бірнеше рет әлеуметтік желіде хабар алмасқаны болмаса, екеуі бұрын араласпайтын», — деп хабарлады сотта жауап берген Оксана Тен.

Сол кездесуден соң Руслан қайта-қайта Денисті мейрамханаға шақырып, дәм татырды, деп еске алады марқұмның анасы.

18 шілдеде Хайруллаев Денистің жұмысына кіріп шығып, 19 шілдеде кездесуге шақырады. Әйелдің айтуынша, Денис 19 шілдеде Русланның мейрамханасына соғуға уәде берген.

«Тергеу нәтижелері мен видеоны көргеннен соң, менің пікірім – бұл тапсырыспен кісі өлтіру. Денистің бос уақыты болмайтын, әр сағаты жоспарланған. 19 шілдеде де кездесулері мен жаттығуы болды. 21 шілдеде Астанаға барып, өнер көрсетуге тиіс болатын. Ал 22 шілдеде Канадаға жаттығуға кетуіміз керек еді», — дейді Оксана Тен.


19 шілдеге іскерлік кездесулер жоспарланыпты. Дәлірек айтқанда, 15:00-де чех инвесторларымен Қазақстанда мұз айдындарын салу туралы келіссөз жүргізуі керек болатын.

«13:45-те Хайруллаев жазып, түскі асқа шақырған. Денис қарным аш емес деп жауап беріп, бірақ 40 минутқа кофе ішуге кіріп шығамын деген. Ол 13:48-де. WhatsApp-та бәрі жазылған», — деп атап өтті әйел.