Денис Теннің өліміне кім кінәлі? Қасымовтың отставкаға кетуімен мәселе шешіле ме?

Кеше Алматынның қақ ортасында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ұрылар қолынан пышақталып, ауруханада көз жұмған еді. 

Әлеуметтік желіде қоғам белсенділері мен әнші, әртістер жас спортшы жайында естеліктер жазып, жақындарына көңіл айтып жатыр. Арасында ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың отставкаға кетуін талап еткендер де бар. 

Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, қоғамдағы заңның тапталуы бір министрдің отсавкаға кетуімен өз шешімін таппайды. 

"Денис Теннің халықтың сүйіктісі болғанын ескерсек, оның қазасы қалың қазаққа ауыр тиді. Әлеуметтік желіде айтылып жатқан сан түрлі пікірді де түсінуге болады. Бірақ бұл тек бір министрдің қызметінен кетуімен шешіле қоятын мәселе емес. Қоғамды осындай күйге жеткізген барлық шенділер  жазалануы керек. Денис Тенмен болған оқиға жай ғана кездейсоқтық емес. Бұл құқық қорғау органдарының кәсібилігінің төмен екенін, заңның аяққа тапталып жатқанын көрсетіп отыр. Жастардың жұмыссыздығы, құқық қорғау органдары мен қылмыскерлердің ауыз жаласқандығы тағы бар", – деді Расул Жұмалы.

Ал министрдің отставкаға кетуін талап еткендердің  қатарында саясаттанушы Айдос Сарым да бар. 

"Маңыздысы Қасымовтың кетуімен мәселенің шешіліп-шешілмеуі емес, бұл – саяси сигнал. Қазіргі таңда полицияның кәсіби деңгейде жұмыс істемейтінінің бірден–бір нақты дәлелі. Егер іс насырға шаппағанын қаласа, осындай шешім қабылдануы керек",– дейді Сарым. 

Расул Жұмалының айтуынша, құқық қорғау органдарының ел алдында, халық алдында беделі төмендеп кетті. Себебі, оларға деген сенім жоқ. Желілерде жазылған пікірлердің арасынан құқық қорғаушыларды қорғап жазылған бірде–бір пікірдің жоқ екені соның бірден–бір бұлтартпас айғағы. 


"Болған оқиға тек құқық қорғау органдарына ғана қатысты деп есептеу қателік. Жастар саясатының жүргізілмеуі, әлеуметтік проблемалардың шешілмеуі – осының бәрі көшеде қару ұстап, ұрлық жасап, қылмыс жасауға жеткізіп отыр", – деді Жұмалы.

"Осы уақытқа дейін де елімізде спортшылардың қаза табуы болған еді. Қылмысты жасағандар құрықталмайды немесе босап шығады. Осы жерде заңның әлсіз екені байқалады", – деп түйді сөзін саясаттанушы.

Қайғылы оқиға 19 шілдеде күндіз қала орталығында болды. Денис Тен тұрақта тұрған автокөлігіне келе жатып, көліктің айнасын ұрламақ болған қаскөйлерді көреді. Ұрылардың соңынан қуып, тоқтатпақ болғанда, пышақ жарақатын алған. Көп қан жоғалтқан спортшы ауруханаға түскеннен кейін екі сағаттан соң көз жұмды. 

Полиция спортшыны өлтірді деген күдікпен 24 жастағы Нұралы Қиясовты ұстаған болатын. Ол кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта екінші күдікті – Қызылорда облысының 24 жастағы тумасы Арман Құдайбергенов іздестіріліп жатыр. 

Денис Тен – Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, көптеген халықаралық жарыстарда топ жарды. Мәнерлеп сырғанаушы 25 жасында өмірден өтті.