Денсаулық сақтау министрлігі балаларда" ауру тудыратын арзан вакциналар" туралы ақпаратты жоққа шығарды


Аталған мәлімдемелер "Әңгіме бар" подкастында журналист Айнур Асанбердімен болған сұхбатта Нархоз университетінің профессоры ретінде таныстырылған Кулзада Абенова айтқан.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Министрліктің баспасөз қызметі Қазақстан Республикасында Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесі аясында қолданылатын барлық вакциналар көпсатылы халықаралық және ұлттық сараптамадан өтетінін алға тартты. Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) талаптарына және ұлттық заңнамаға сәйкес тіркеуден өтіп, қолдануға рұқсат алады.

Вакциналарды сатып алу "арзандық" қағидаты бойынша емес, сапа, қауіпсіздік және тиімділік көрсеткіштеріне ғана негізделе отырып жүзеге асырылады. Сатып алу барысында келесі талаптар ескеріледі:

“Вакциналар "балаларда ауру туындатады" деген мәлімдемелердің ешқандай ғылыми дәлелі жоқ және көпжылдық халықаралық бақылау деректеріне қайшы келеді. Керісінше, вакцинация қауіпті жұқпалы аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді едәуір төмендетуге, мыңдаған ауыр асқынулар мен өлім жағдайларының алдын алуға мүмкіндік берді. Соңғы 34 жылда Ұлттық иммундау саясатының арқасында эпидемиялық паротитпен сырқаттану деңгейі 100 еседен астамға төмендеді (1990 жылғы 12 194 жағдайдан 2024 жылы 118 жағдайға дейін), вирусты А гепатиті 32 еседен аса (1990 жылғы 73 962 жағдайдан 2024 жылы 2 289 жағдайға дейін), ал вирусты В гепатиті 92 есеге (1990 жылғы 5 287 жағдайдан 2024 жылы 57 жағдайға дейін) азайды”, – делінген хабарламада. 

Вакцинацияның арқасында балалар арасында қызылшамен сырқаттану 90%-дан астамға, қызамық пен паротит 95%-ға төмендеді. Полиомиелит 1996 жылдан, дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген. Бұл деректер ұлттық иммундау бағдарламасының тиімділігін айқын дәлелдейді.

Министрлік медициналық білімі мен тиісті кәсіби құзыреті жоқ тұлғалардың мұндай мәлімдемелерді таратуы ата-аналардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсірететінін және балалардың денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін екенін атап көрсетеді.

“Қазақстанда фармакологиялық қадағалау және жағымсыз реакцияларды мониторингтеу жүйесі жұмыс істейді. Оның аясында әрбір тіркелген жағымсыз жағдай мамандар тарапынан мұқият талданады. Қауіп анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес жедел шаралар қабылданады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне, дәрігерлердің ұсынымдарына және дәлелді медицина деректеріне сенуге, сондай-ақ балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз”, – деп қосты министрліктің баспасөз қызметі.