Денсаулық сақтау министрлігі клеткалық технологияларды қолдану жөнінде бағдарлама жасамақшы

"Біз маңызды мәмілеге келіп, фетальді және өзек (стволовые) клеткаларды тек клиникалыққа дейінгі сынақтарда - биологиялық сынақ зертханаларында пайдалануды ұйғардық",- деді вице-министр "Клиникалық сатының алдындағы сынақтарды, медициналық-биологиялық және клиникалық сынақтарды жүргізу тәртіптерін бекіту туралы" нормативтік-құқықтық құжаттың жобасын жасаушы жұмыс тобының отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Ол осы орайда денсаулық сақтау министрлігінің клеткалық емдеу тәсілін клиникада пайдалану жайын тиісті нормативтік-құқықтық құжаттың жобасы жасалғаннан кейін талқыланатынын қайталап хабарлады. "Біз науқастар мен адам құқығын қорғауды қамтамасыз ететін тиісті нормативтік-құқықтық құжат қабылданғанға дейін клиникалық сынақтарды әзірге тоқтата тұруға тиіспіз",- деді Қ.Омаров.

Вице-министр осы орайда "қазіргі таңда клеткалық технологиялар ең озық емдеу тәсілдерінің біріне жататындықтан, Қазақстан да басқа елдерден артта қалмау үшін оны дамытуға тиіс", деген өз пікірін білдірді. "Біз бұл іспен айналысатын боламыз, бірақ, қажетті нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданғаннан кейін қолға аламыз",- деп мәлімдеді ол.

Вице-министрдің хабарлауынша, Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі клеткалық технологияларды қолдану жөнінде жақсы бағдарлама жасамақшы. "Ол үшін қаржы көзін анықтап, барлық әлемдік стандарттарға сай заманауи медициналық технологиялық зертхана жабдықтарын сатып алуға өтініш беру керек",- деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2006-жылдың қараша айында республиканың Бас прокуратурасы депутаттық сауалға сәйкес Қазақстанда клеткалық технологияларды клиникалық тәжірибеде қолданудың заңдылығына қатысты тексеру жүргізген. Бас прокуратураның қорытындысы бойынша, қолданыстағы нормативтік-құқықтық база науқас үшін медициналық зерттеулердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сай келмейді. Осыған сәйкес 2007-жылдың қаңтар айында денсаулық сақтау министрі "клеткалық технологияларды клиникалық тәжірибеде қолдану туралы" бұйрыққа қол қойды, соған сәйкес өзек клеткаларды адамға ауыстырып салуға қатысты сынақтар тоқтатылды.

Клеткалық технологиялар саласындағы зерттеулермен шұғылданатын қазақстандық ғалымдар денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын қолдайды. "Қазір дүниежүзінде бірде-бір елде фетальді клеткалар қолданылмайды, сол себепті мен бүгін фетальді клеткаларды емдеу мақсатында қолдануға тыйым салу қажет, ал өзек клеткаларды сынақ түрінде ғана өсірумен айналысу керек деген пікірдемін",- деді ҚР ҰҒА академигі, профессор Мұхтар Әлиев. "Фетальді клеткалармен үш жыл бойы айналысты. Біртіндеп нәтижелер алынғанымен, ол кері нәтиже болды. Емдеу нәтижелі болған жоқ",- деді ол.

Сонымен бірге М.Әлиев технологияны медициналық мақсатта одан әрі пайдалану үшін өзек (стволовые) клеткаларды пайдалануға бағытталған зерттеулерді одан әрі жалғастыру қажет дегін пікір білдірді. "Өзек клеткаларды пайдалану - келешегі бар бағыт. Сол себепті мен оң нәтижеге жетеміз деп сенемін. Себебі шетелдік ғалымдар тек өзек клеткалардан жекелеген органдарды өсірумен шұғылданады, ал оларды клиникада қолданатын елдер - бірен-саран",- деді ол.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті