"Сіз басқаратын үкімет толық құрамда отставкаға кетуге тиіс",- деді ол Д.Ахметовқа бағыттаған сөзінде.
Депутат ҚР экономика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің жұмысын сынап-мінеді. Е.Әбілқасымов энергетика министрін жер қойнауы мен кәсіпорындарды "бүркемелі келісім-шарттардың көмегімен" шетелдерге беріп жіберді деп айыптайды.
Е.Әбілқасымов сонымен бірге ҚР төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмахановтың атына да сын айтып, оны заңсыз жекешелендірумен айналысқан өтірікші деп айыптады. "Құлмахановтың отбасы мен өзіне қарасты "қарпып қалған" мүлкім жоқ деп беті бүлк етпей бүкіл Қазақстанға қаратып мәлімдеме жасауы шындыққа жанаспайды. Ол басқаратын фирмалар мен бар мүлік басқалардың атына жазылған. Сіздің кабинеттің басқа мүшелері де осылай істеді",- деді Е.Әбілқасымов үкімет басшысына.
Депутаттың сын садағына ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова мен ҚР денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев та ілікті.
Депутаттың мәлімдеуінше, дүниежүзілік нарықтағы мұнайдың бағасы кейінгі 3-4 жылда үш еседей қымбаттаған қазіргі жағдайда үкімет Жалпы ішкі өнімнің бұдан да жоғары өсіміне қол жеткізуіне болар еді. "Жалпы ішкі өнімнің өсімі жылына кем дегенде 20 процент деңгейінде болуға тиіс",- деп мәлімдеді депутат.
Депутаттың пайымдауынша, "үкімет парламентті мазақ етіп отыр". "Биылғы жылдың ортасында депутаттардан жасырып қалған 1 млрд. теңгедей қаржы кенеттен табылып, бізді осындай бюджетті қабылдауға мәжбүр етті. Бұл дегеніңіз, сіз басқаратын үкіметтің арқасында халықтың қазынасы қалай болса солай шашылып жатқанын, ал халық сайлаған депутаттардың оны бақылауға ешбір құқығы жоқ , бар болғаны статист рөлін атқарып отырғанын көрсетеді",- деді ол.
"Үкіметтің отставкаға кетуі үшін осы айтқандарым да жеткілікті",- деді Е.Әбілқасымов. "Олай болмаған жағдайда нақты адамдардың атын атап , түсін түстеп, көптеген деректер келтіру арқылы үкіметтің қалуға тиіс емес екенін дәлелдеп беруге мәжбүр боламын",- деп мәлімдеді ол.
Депутаттың пікірінше, "жаңа үкіметке қазіргі бірқатар мәжіліс депутаттары мен оппозиция қатарындағы кейбір тұлғалар енуге тиіс". "Іс жүзінде халық сеніміне негізделген коалициялық үкімет құрылуға тиіс",- деді депутат.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті