Депутат Әлия Ғалымова Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болып сайланды


Еске сала кетейік, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Әлия Қайратқызы Ғалымова Орталық сайлау комиссиясының 5 қазандағы қаулысымен Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған еді. Ол «Нұр Отан» партиясы атынан сайланған депутат Дариға Назарбаеваның орнына келіп отыр. Д. Назарбаева Үкімет басшысының орынбасары қызметіне тағайындалып, оның депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын.

Ә.Ғалымова 1970 жылдың 18 шілдесінде Павлодар қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. 2003 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бас сарапшысы. 2004 жылдың мамырынан - ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат басқармасының бас сарапшысы; 2004 жылдың қыркүйегінен - әлеуметтік-саяси бөлім секторының меңгерушісі. 2005 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігі секторының меңгерушісі; 2006 жылдан - әлеуметтік-саяси бөлім меңгерушісінің орынбасары. 2008 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2010 жылдан - Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2012 жылғы ақпаннан бастап бүгінге дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы лауазымында болды.