Депутат атақты өнер ордаларының жекешеленуіне қарсылық білдірді


Мұрат Ахмадиев, Мәжіліс депутаты:

-5 жылдың ішінде 3 бағдарлама  жасаған. Цирктің әртістерінің штатының бәрін құртқан, мүліктердің бәрін сатып тастаған. Ғимараттың ішіне кафе, кешкі клуб, магазиндер толып кетті. Адамдар келмей қалды циркке. Бір қателік жасадық па, оны неге енді қайталаймыз?

Өнердің түйткілін жақсы түсінетін депутат оңтүстік астанадағы Республика сарайы мен «Қазақфильмнің» тағдырына да алаңдаулы. Сондықтан  «кәсіпкерлер Алматының тарихымен тығыз байланысты өнер ордаларына тек табыс көзі ретінде қарап, бар мүлкін талан-таражға салуы мүмкін» деп қауіптеніп отыр. Тіпті «Қазақфильмнің» жаңа қожайынын ұлттық киноның болашағы қызықтыра қояды дегенге сенгілері келмейді. Ал, осы күнге дейін бюджеттен бір тиын алмай, өзін-өзі қаржыландырып келген Республика сарайын мүлдем сатып жібергісі келіп отырған Үкіметтің әрекеті де түсініксіз. Оның үстіне елімізде алдағы 2 жылда бірқатар мемлекеттік мекемелер сатылмақ. Жеке қолға өтетін нысандардың қатарында «Қазақ энциклопедиясы», «Жас отау», «Қайрат» футбол клубы және Үкіметке қарасты ондаған кәсіпорындар мен жергілікті әкімшілік ғимараттары бар.