Депутат Логутов Жириновскийді Қазақстанға жолатпауды талап етті


Николай Логутов, Мәжіліс депутаты:

-Жириновский мен Лимоновтың намысқа тиетін мәлімдемесін Ресей ресми түрде жоққа шығарсын. Сондай-ақ, еліміздің Сыртқы істер министрлігі екеуін де, Қазақстан аумағына кіргізбеу туралы шешім қабылдауы қажет.  Өйткені, Жириновский тым шектен шығып барады. Мемлекеттік думаның  депутаты бола тұра, тәуелсіз елімізге тіл тигізді.

23-ші ақпанда Жириновский Мәскеудегі митингте Қазақстанды Ресей Федерациясының құрамына кіргізіп қана қоймай, Орта Азияны түгел «басып алу керек» деген еді. «Сайқымазақ саясаткердің» кезекті сандырағын тіпті федеральдық арналардың бірі тікелей эфирден көрсетті. Ал бұған дейін Эдуард Лимонов деген әлдебіреу Қазақстанның солтүстігін «Ресейге қосу керек» деп есірген болатын. Қоғамдық пікірдің қыспағынан кейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі наразалық нотасын жолдаған. Алайда, ең жақын «одақтасымыз»  саналатын ресми Мәскеу әлі мардымды жауап қатқан жоқ. Ал Лдпр партиясы төрағаларын жақтап, Жириновскийді «дұрыс түсінбеген» деп оған  шаң жуытпай отыр.