Депутаттар білімді жастардың шетелге үдере кетуіне алаңдаушылық танытты

Қазір Ресейдің өзінде ғана 70 мың қазақстандық студент білім алып жатыр. Бұл туралы Мəжілістегі үкімет сағатында депутаттар дабыл қақты. Себебі, 10 жылдан кейін елімізде кадр тапшылығы сезілуі мүмкін.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бүгінгі мəжілістегі үкімет сағатында жастар жылына арналған жоспар нақтыланды. Атап айтсақ, алдағы 3 жылда жастарға жағдай жасалмақ. Осы орайда бұған 120 миллиард қаржы бөлініп отыр. Айта кетерлік жəйт биыл еліміздегі ірі үш қалада Алматы, Астана, Шымкентте 1000 жас баспаналы болмақ. Яғни, жалға жеңілдетілген түрде беріледі.

Депутаттардың айтуынша, елімізде баспананың жоқтығынан əр үш жас отбасының бірі ажырасқан. Əсіресе, 2014-2018 жылдары 29 жасқа жетпеген жұптардың айырылысуы күрт өсіпті. Сондықтан,биыл ірі үш мегаполистегі 1000 жасқа баспана сатып алынбақ. 40 шаршы метр болатын пəтерге адам басына 8000 теңгеден ғана төлеп тұру мүмкіндігі қарастырылған. Министр Қалетаевтың сөзінше, қаражатты үнемдеуге болатын баспананы алу үшін жақсы балл жинау шарт, дейді.

ДАРХАН ҚАЛЕТАЕВ, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

“Тезірек баспанаға қол жеткізу үшін жас болса да көпбалалылар бірінші кезекте қаралады. Одан өзге, жұптың міндетті түрде банкте пəтер алу үшін ашқан шоты болуы тиіс. Бұдан өзге, отбасына пəтер тек 3 жыл ғана арзан бағада жалдап тұруға беріледі. Келісімшарт 3 жылға ғана жасалады. Сондықтан, көп балл жинағандар ғана пəтерлі болатынын айтқым келеді”.

Қоғамдық даму министрінің айтуынша, соңғы 15 жылда жастар арасындағы жұмыссыздық 10 пайызға төмендепті. Алайда, қазір бос жүрген 81 мың отандасымыз бар. Олардың дені нарыққа қажетсіз мамандықтар бойынша білім алған. Оның үстіне өзге елден жұмыс іздеп кетіп жатқандар қаншама. Осының салдарынан былтыр "Серпін" бағдарламасы бойынша 5000 гранттың 1500-і игерілмей қалыпты. Ал, Қостанайда 50 мемлекеттік грант иесін таппаған. Сондықтан білімді жастарды елге қайтару аса маңызды, дейді депутаттар.

ҚҰРАЛАЙ ҚАРАКЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МƏЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:


“Қазақстандық жастар шетелге кетіп жатыр. Олар қайта келе ме жоқ па ол белгісіз. Мысалы, Ресейде ғана Қазақстандық студенттер басқа мемлекеттерден келгендерден көп. Елден кетіп жатқандар жоғары техникалық білімі барлар. Соңғы бірнеше жылда жоғары дəрежедегі білікті мамандардың кетуі 34 пайызға өскен”

. ДАРХАН ҚАЛЕТАЕВ, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

“Бұл негізі қалыпты жағдай. Адамдар өзіне жайлы ортаны іздейді. Оның үстіне, кетіп жатқандардың барлығы қазақтар деп айтуға болмайды. Басқа ұлт өкілдері де бар. Сондықтан, бұдан трагедия жасаудың қажеті жоқ”.

Жұмыссыздықтың туындауына білім беру жүйесінің ақсап тұруы себеп болуда. Сондықтан, билік өкілдері 200 жоғары оқу орнына 100 жаңа мамандық түрін енгізу керек деген пікірді қолдайды. Осы ретте, Дархан Қалетаев оқу орнында белсенді əрі ерікті болып жұмыс істейтін студенттердің стипендиясын 30 пайызға көтеру де жоспарда барын айтты. Сонымен қатар, қазір ауылды жерлерде 1 миллион 600 мың жас қара жұмыстың соңында жүр. Осы себептен болар, 2017 жылы жастар 43 мың қылмыс жасаған болса, 2018-де бұл көрсеткіш тағы 3000-ға артқан. Оның 35 мыңы жұмыссыздар болса, 11 мыңы сотталғандар екен. Сондықтан, биыл білім гранттарын көбейту көзделіп отыр.