Жиынға Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Снежанна Имашева мен Вера Ким және жануарларға арналған орталықтар мен аймақтық еріктілер бастамашыл тобының басшылары қатысты.
Бүгінгі отырыс жануарларды асырау мен осы ұйымдарға қатысты нормативтік стандартты әзірлеуге бағытталған үй жануарларын қорғайтын мекеме басшыларымен және еріктілермен жүргізіліп отырған іс-шаралардың бірі.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Дариға Назарбаева мұндай орталықтардың қызметімен және түйінді мәселесімен танысу үшін оларды аралап шыққан еді.
«Қоғамның қоршаған ортаны, табиғатты, тіршілік иесін аялауға негізделгені жөн. Бұл құндылық ұрпақтан ұрпаққа мирас болуға тиіс. Зооқорғаушылардың сарапшы ретінде заңнаманы жетілдіру, жаңа заң қалыптастыруға қатысты ұсыныстарын белсенді түрде айтатыны қуантады. Бұл заң қабылданады, қазір түпкілікті шешім бар. Тек бұған уақыт керек. Жануарларды қорғау туралы заң шектеу емес, жағдай туғызуға тиіс», - деді дөңгелек үстелді ашқан Дариға Назарбаева.
Кездесудің күн тәртібі тегін таңдалмаған. Соңғы 4 жылда ұсталған, өлтірілген иесіз қалған иттер мен мысықтардың саны 21%-ға артқаны байқалады. «Жануарларды ұстау мекемелерінің толып кетуіне «Программа выпуска» бірден-бір себеп. Иесіз қалған жануарларға мұнда күтім жасалады, екпе салынады, ем-дом жүргізіледі, чип орнатылады. Содан кейін жануарлар босатылады да тамақтану, мекендеу орны бар арнайы жабдықталған қалалық аймақ сынды инфрақұрылымдық жүйеде өмір сүреді», - дейді «Inucobo» қауымдастығының жетекшісі Лилия Сәрсенбаева.
Айтуынша, жануарларды арнайы мекемеде өмір бойы бағу қажет емес, тек оларға қала жағдайында (тамақтану орны, үйшік) қамқорлық көрсету керек, себебі жануарлар қаланың экожүйесін қолдауға және зиянкестерден сақтауға көмектеседі.
Қауымдастық зооқорғаушылардың мүддесін насихаттайтын бірлестіктің бірі. 2019 жылы ұйым әлі талқыға түсіп жатқан жануарларға адамгершілікпен қарауды заңнамалық тұрғыдан реттеу мәселесін көтерген болатын.
Шара барысында жануарлар орталығының басшылары мен еріктілер өздерінің оң тәжірибелерін айтты. Атыраулық «Дари Добро» қорының кинологы әрі еріктісі Джабасов Мамучар иесіз қалған жануарларды ұрықсыздандыру бағдарламасы жайлы әңгімеледі. Қор мұндай бағдарламаны 3 жылдан бері жүзеге асырып келеді – 2019 жылы бұл әкімдік есебінен болса, кейін бұған қамқор жандардың шарапаты тиген.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласындағы жануарлар құқығын қорғаушы Айгүл Хасанова жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмысындағы өзінің сәтсіз тәжірибесін айтты. Уәжінше, мемлекеттің балансында тұрған мекемені еріктілер тобы сенімді басқаруға әзір. Бірақ «Астана Ветсервис» 21 миллион теңге депозит, коммуналдық қызметтерге жоғары тарифтер сынды қолжетімсіз шарттар қойған. Соның нәтижесінде қазір ол толықтай мемлекеттің қарамағында.
«Егер бізге ең кемі коммуналдық қызметтерді төлеуге 1 жылға мораторий берсе, онда бүкіл жағдайды жасап, жобаны ақтауға болар еді», - дейді А.Хасанова.
Кездесуде зооқорғаушылар жастардың санасында үй жануарына ізгі көзқарас қалыптастыруға, дамуында ақауы бар, сөйлеу және есту қабілеті төмен балаларға арналған арнайы терапияны қолдануға бағытталған «Уроки добра» енгізуге қатысты ұсыныстарын айтты. «Балалармен тәрбие жұмыстарын жүргізу қажет. Факультатив емес, жануарларға адамгершілікпен қарау туралы толыққанды сабақ. Балалар жануарларды құтқаруға ұялады, ата-анам ұрысады деп оларды үйге әкелуден именеді. Сосын бала санасында жануарлар жаман, оларға қиянат көрсете беруге болады екен деген ой қалыптасады», - деді еріктілер.
Бұған қоса, жануарларды ұстайтын мекеменің басшылары Семей мен Ақтау қалаларында толық әлеуметтік нысанға лайықты заманауи әрі жайлы орталық салу жөніндегі жоспарын жеткізді. Алайда, бұл жоспар жүзеге асу үшін ұлттық деңгейде қолдау, қажетті заңнамалық түзетулер енгізу және әкімшілік кедергілерді шешу қажет деді.
Жануарларды қорғаушылардың ұсыныстары:
- үй жануарлары иесіне барлық жауапкершілік шарасын жүктеп, жануарларды міндетті тіркеуді енгізу;
- асыл тұқымға қатысы жоқ барлық ит пен мысықты міндетті түрде піштіру мен ұрықсыздандыру жөніндегі ұзақ мерзімді бағдарлама енгізу;
- уларды қолдануға, уланған тамақты елді мекендерге тастауға тыйым салу;
- мемлекеттік органдар мен жануарларды ұстау мекемелері арасындағы өзара байланысты жетілдіру (жеңілдету);
- жануарларға қатігездік көрсеткен балалар мен жасөспірімдерді ерекше бақылауға алу және т.б.