Депутаттар министрлердің көлігін газбен жүруге мәжбүрлемек

Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:

 - Қатардағы жүргізушілерді айтпағанда мемлекеттік органдардың көліктері де,  газбен жүрсін.

- Парламенттен бастайық.

 -Жоқ, Үкіметтен бастайық. Олардың машиналары көп қой.....

Газға көшіруді кімнен бастарын білмей сөз таластырған депутаттар ұзақ салғаласты. Өйткені елімізде көгілдір отынмен тек 12 мың көлік жүреді. Бағасы бензиннен 2-3 есеге арзан. Әрі қоршаған ортаға зияны аз. Ал оған жаппай өту үшін алдымен машиналарға газ балондарын орнату қажет. Яғни, автомобильдің салмағы тағы 15-30 келіге артады. Сондықтан қолданыстағы  бірқатар техникалық стандарттар өзгеріске ұшырауы мүмкін. Халық қалаулылары зейнеткерлерге арнайы қондырғыларды ақысыз орнатып беруді ұсынып отыр. Сондай-ақ, жанармай құю бекеттерінің қожайындарына қосымша газ станцияларын да салу міндеттелмек. Мәселен, қазір Астанада  газ құятын алты-ақ бекет бар екен. Оның санын 500-ге жеткізу жоспарлануда.  Мұның бәрі әзірше ұсыныс күйінде. Бірақ жоба мақұлданса, шенеуніктер шұғыл іске кіріскелі отыр.


Мағзұм Мырзағалиев, Мұнай және газ вице-министрі:

-Газдың қоры жеткілікті. Бүгін газдың көлемі Қазақстанда 6-7 триллион текше метр құрайды. Маңғыстау облысында газдың құны  32 теңге, осы Астанада 55-60 теңге. Ал, бензиннің бағасы 115 теңге. Сондықтан әлдеқайда пайдалы болады.