Депутаттар отандық көлікті менсібейтін шенеуніктерді сынға алды

Халық қалаулыларының айтуынша, қазір отандық көліктерді тек Парламент, Төтенше жағдайлар министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік қызметі ғана жиі пайдаланады. Ал өзге мемлекеттік мекемелер әлі күнге дейін шетелдің қымбат машинасына ынтық. Әсіресе аймақтардағы басшылар бюджеттен миллиондаған ақша бөліп, сүліктей қара көліктерге тапсырыс бергіш. Мәселен, Алматының Шаруашылық басқармасы қызметтік машина сатып алу үшін бюджеттен 160 миллион теңге бөлсе, Атырау облысының  шенеуніктері 150 миллион теңге жұмсаған. Ал, оңтүстіктегі атқамінерлер сағатына 240 шақырым еркін жүйткитін темір тұлпарға құмар екен.


Татьяна Никитинская,
Мәжіліс депутаты:

-Мен түк түсінбей-ақ қойдым, оңтүстіктегі шенеуніктерге 290 аттың күші бар көліктің қажеті не? Ондай машинамен Қазақстанның қай жолында жүрмек? Ол аздай өңірлердегі басшылардың барлығы «Мерседес» мінгісі келеді. Соның салдарынан өзіміздің Өскемендегі машина зауыты өндіріс көлемін жылына 28 мың көлікке қысқартып отыр. Премьер-министрден осы мәселені қолға алуды сұраймыз.