«Ақ жол» фракциясы велосипедтерді қаланың көлік жүйесіне енгізуді сұрады. Бұл мәселені Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дания Еспаева көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақ жол» депутаттық фракциясына велосипед спорты қоғамдастығының өкілдері жолығып, велосипедпен жолдағы қозғалыста қауіпсіздікті қамтамасыз ету жеткіліксіз деңгейде екенін атап өтті. Соңғы кезде көлік құралы немесе спорттық құрал ретінде велосипедке отырғандырдың саны артуына байланысты олардың қатысуымен ЖКО жағдайлары да жиіледі. 2014 жылдан бері велосипедшілерді қағып кетуге қатысты 1200 ЖКО орын алды. Көп жағдайда осындай жол-көлік оқиғаларының туындауына инфрақұрылымның жоқтығы және велосипедпен жолдағы қозғалысты реттеуде заңнаманың жеткіліксіздігі ықпал етуде», - деді Еспаева ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында.
Осы орайда депутат дамыған көптеген елде велосипед көлігі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Аталған мәселе бойынша «Ақ жол» фракциясы велосипед жолақтарын құру мен велосипедшілер қауіпсіздігі бойынша жол қозғалысы ережесін толықтыру арқылы велосипедті қалалардың көліктік жүйесіне енгізуді сұрады.