Депутаттықтан кеткеннен кейін "такси жүргізсем бе" деген ойым болды - Дана Нұржігіт

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол "Айтарым бар" подкастына берген сұхбатында сталкингті психологиялық қысым ретінде бағалап, оның соңы өзге де қылмысқа ұласуы мүмкін екенін жеткізді.

"Сталкинг - қылмыстың басы ғана. Міндетті түрде оның ар жағында келесі қылмыстың табиғаты жатады. Ол неге қудалайды? Демек, бір себеп бар. Бопсалайды, қорқытады. Өмірін бақылауда ұстағысы келеді, қысым көрсетеді. Адамның еркін өмір сүруі, еркін тыныстауы кейде бір адамдарға күн бермейді, қызғанышын туғызады. Сондықтан бұл әлі де зерттелетін, арғы жағы психиатрияға да апаратын қылмыс. Сталкинг - психологиялық қысым. Оны түсіндіру мүмкін емес. Сенің бетің көгермейді, басың жарылмайды. Сау адамсың, бірақ ішің түтін. Өйткені, ол қылмыстың дәлелі жоқ. Күніне 99 рет телефон соғуы, сен жүрген жерде жүруі мүмкін. Көп жас қыз-жігіттердің оны махаббат, қамқорлық деп шатастыратыны да содан", - дейді ол.

Дана Нұржігіт бұл жағдайдың өз денсаулығына да әсер еткенін атап өтті. Оның сөзінше, ұзақ уақыт бойы үрейде өмір сүріп, ұйқысыздық пен депрессияға тап болған.

"Ал психологиялық қысымнан арылу - келесі жұмыс. Мен адвокатымнан қоңырау келетін болса, шошып оянатынмын. Ұйқым қашты. 2,5 жыл бойы ұйықтамау, депрессияға түсу, антидепресанттарды ішу, аяғында телевизиядан кетіп қалдым. Өйткені, мен жұмыс істей алмай қалдым. Басымда тек үрей болды. Эфирге қатысы жоқ жұмыстан ақша табуға мәжбүр болдым. Себебі, эфирге шығуға психологиялық жағдайым келмеді", - дейді журналист.

Сондай-ақ, ол депутаттықтан кеткеннен кейін такси жүргізушісі болуды ойлағанын да жасырмады.

"Тәтті өміріңнің, адал ішіп отырған асыңның, сүйіспеншілікпен істеп отырған кәсібіңнің күл паршасын шығарып, берекесін кетіретін бір адам сынақ болып келеді екен. Мен осы оқиға арқылы айдың ар жағындағы түнекті көріп қайттым десем қателеспеймін. Мүмкін, мен үшін осы керек болған шығар. Осындай да адамдардың өмір сүретінін білу үшін берілген сабақ болған шығар. "Қаншалықты осындай зұлымдыққа төтеп бере аласың?" деп өзімнің де күшімді сынадым. Депутаттықтан кеткеннен кейін "такси жүргізем бе" деген де ойым болды. Оған арланбаймын. Балам күндіз жұмысқа кетеді, мен телевизияда істей алмаймын, үйде отырып тоқыма тоқып, киім тіге алмаймын. Оған алғашқы капитал да жоқ. Сол кезде "көлікті жақсы жүргізу қолымнан келеді, карта бағытты көрсетеді, такси жүргізуші болсам ба екен" деп ойладым. Адам оған да дайын болу керек. Тарақан басқан пәтерді де жалдап тұрғанмын. Мен төменнен өскен адаммын. Қазақ айтпақшы, "артында коңырауы жоқ адаммын". Мен ешкімге қарыздар емеспін, өзімнің еңбегім үшін өзіме рақмет айтамын" - дейді ол.

Еске сала кетейік, Дана Нұржігіт бұған дейін экс-күйеуі тарапынан сталкингке ұшырағанын айтқан еді. Журналист сол кезеңде алты ай бойы депрессияда болып, психотерапевт көмегіне жүгінгенін мәлімдеген. Ал 2024 жылы журналистің экс-жұбайы жеке өмірге қол сұқпау тәртібін бұзғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша үш жылға шартты түрде сотталды.